Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы мерейлі датағаорай 26 қараша күні «Өнер» қалалық мәдениет сарайында «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты қорытынды фестиваль өтіп, шаһар тұрғындары мен қонақтары сан түрлі этностардың мәдениеті мен өнерін тоғыстырған мазмұнды шараның куәсі болды. Үш онжылдық ішінде ассамблея еліміздегі этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтатын маңызды институтқа айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл құрылым – халық дипломатиясының бірегей үлгісі және тұрақтылық пен татулықтың сенімді тірегі.
Екібастұздағы этносаралық татулықтың негізгі орталығы – 2004 жылы ашылған «Достық үйі». Мұнда түрлі ұлт өкілдері өз тілдері мен мәдениеттерін, салт-дәстүрін үйреніп, ортақ құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік алып келеді. Бүгінде онда 14 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс істейді. Олар жыл сайын облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі шығармашылық сайыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Биыл Семей қаласында өткен халықаралық татар өнері фестивалінде «Шатлык» татар-башқұрт орталығының өнерпаздары I және II дәрежелі дипломдармен марапатталып, этникалық мәдениеттердің облыстық фестивалінде Екібастұздың вокалдық және хореографиялық ұжымдары үш жүлде, оның ішінде бас жүлде иеленді.
Фестиваль ауқымды форматта ұйымдастырылып, келушілер түрлі этностардың ұлттық тағамдарынан дәм татып, қолөнер бұйымдарымен танысты. Мәдениет сарайының фойесінде арнайы орнатылған артнысан қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Онда тұрғындар мен құрметті меймандар этномәдени бірлестіктерге арналған жылы лебіздері мен ізгі тілектерін қалдырып отырды.
Салтанатты бөлім «Достық үйінің» қызметі туралы бейнефильммен ашылды. Мерекеге қала әкімі Аян Бейсекин қатысып, көпұлтты қауымдастықты айтулы мерекемен құттықтады.
— Әр этностың тілі мен мәдениетіне құрметпен қарау – бәрімізді ортақ мақсатқа бастайтын бірлік негізі. Ассамблея ардагерлері мен белсенділері қаламызда татулықты нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Екібастұз жастары да қайырымдылық жобалар мен мәдени бастамаларға белсенді атсалысып жүр. Ізгі істер жалғасын таба берсін, – деп жылы лебізін білдірді ол.
Шара барысында қала әкімі этномәдени бірлестіктердің өңірдегі мәдени алуандықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін арнайы гранттар табыс етті. Марапатқа ие болғандардың қатарында «Достық үйінің» «Аналар кеңесі», «Ана Ұлағаты» қоғамдық бірлестігі, «Әзірбайжан», «Арарат» (армян), «Беларусь», «Братство» (славян), «Бэяхад» (еврей), «Вайнах» (шешен-ингуш), «Возрождение» (неміс), «Дустлик хайот» (өзбек), «Полония» (поляк), «Світанок» (украин), «Чосон» (корей ) және «Шатлык» (татар-башқұрт) этномәдени орталықтары бар.
Фестиваль әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада Екібастұз, Астана, Қарағанды және Павлодар қалаларынан келген шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Көрермен назарына «Нұр шашу» хореографиялық ансамблінің «Ғасырлар аманаты» сюитасы, «Мұрагер» ансамблінің орындауындағы «Достық мекені» әні, татар-башқұрт орталығының композициялары ұсынылды. Қарағандыдан келген «Сардар» дуэті «Адай» күйін шеберлікпен орындап, Иса Байзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен астаналық «Кадыр» тобының ұлттық билері мерекеге сән берді. Сонымен қатар, өзге де этномәдени ұжымдар көрермендерге әсем әннен шашу шашты.
Мерекенің финалында барлық этномәдени бірлестіктердің хоры мен Бауырбек Бектеміров бірігіп «Атамекен» әнін орындады. Бұл сәт көпұлтты Екібастұз халқының бірлігі мен татулығын айшықтаған жүрекке жылы көрініске айналды. Қорытынды фестиваль қаламызда этностар арасындағы ынтымақ пен сыйластықтың берік орныққанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ділназ Серікбай








