Жаңажылдық мереке алдында Екібастұз қалалық полиция басқармасы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп қала аумағында жаңажылдық шыршалар мен пиротехникалық бұйымдардың сатылуын бақылайтын рейдтер жүргізуді бастайды. Бұл туралы 2 желтоқсан күні қалалық коммуникациялар қызметінде полиция басқармасының табиғатты қорғау және азаматтық қару айналымын бақылау тобының инспекторы Айдархан Ахатов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, ведомство өкілдері пиротехникалық заттар сатылатын базарлар мен дүкендерді, сондай-ақ, сауда нүктелерін жіті тексеретін болады.
– Рейд барысында сатушылардың рұқсат беру құжаттары, тауардың техникалық талаптарға сай болуы, өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталуы және пиротехникалық бұйымдарды сақтау тәртібі тексеріледі. Бұл шаралар азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Егер тауар тиісті заң талаптарына сәйкес келмесе, оны сату ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық ретінде тіркеледі, – деді Айдархан Ахатов.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды сертификатталмаған немесе тыйым салынған пиротехникалық құралдарды сатып алмауға, сондай-ақ, оларды заңсыз сатудан бас тартуға шақырады.
Егер сіз заңсыз сауда фактілерін немесе өзге де құқық бұзушылықтарды байқасаңыз, 102 нөміріне хабарласуыңызға болады.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







