
27 қараша күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Нұрғазы Жәмшитов өңірдегі жол-көлік оқиғалары санының артқаны туралы хабарлады. Спикер жол-көлік оқиғаларының көбею себептеріне, жүргізілген тексерістердің нәтижесіне және жол қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерге тоқталды.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы өңірде 190 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 220-ға жетіп, 15,8 пайызға өскен. Зардап шеккендер саны артқанымен, қаза тапқандар саны төмендеген: былтыр 13 адам көз жұмса, биыл бұл көрсеткіш 10 адамды құрады.
Нұрғазы Жәмшитовтің айтуынша, апаттардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін сақтамау салдарынан болып отыр. Әсіресе республикалық маңызы бар тас жолдардағы оқиғалардың салдары ауыр.
— Жол-көлік оқиғалары көбіне кешкі және түнгі уақытта тіркеледі. Қала аумағында орын алған оқиғалардың басым бөлігі адам жарақатымен аяқталды. Жолдардың жай-күйін тексеру барысында 300-ден астам кемшілік анықталып, оларды жою үшін 110 ескерту берілді. Тексеріс нәтижесінде 77 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 1,9 миллион теңге айыппұл салынды, — дейді бөлім басшысы.
Жол қозғалысы мәдениетінің төмендеуі де алаңдатып отыр. Қарсы бағытқа шығу фактілері өткен жылмен салыстырғанда 51 пайызға, маневр жасау ережесін бұзу 72 пайызға, ал бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп кету 30 пайызға көбейген. Бұл көрсеткіштер жүргізушілердің тәртібіндегі олқылықты айқын байқатады.
Брифингте қараусыз малдардың кесірінен болатын апаттар да сөз болды. Астана – Шідерті – Павлодар, Қарағанды – Шідерті, Қалқаман – Баянауыл және Екібастұз – Майқайың бағыттарында тексеріс жүргізіліп, жол-көлік оқиғаларының жиі тіркелетіні анықталған. Осы учаскелерге жануарлар макеттерін, сондай-ақ, «Қауіпті аймақ» деген ақпараттық паннолар орнату қажеттілігі айтылды.
— Егер малдың жолға шығуы апатқа себеп болса, мал иесі шығынды толық өтейді. Жыл басынан бері республикалық маңызға ие тас жолдарда осындай 17 жол-көлік оқиғасы тіркелді, — деп атап өтті спикер.
Қала ішінде жаяу жүргіншілер қатысқан оқиғалар да артып отыр. Бұрын тек әкімшілік хаттама толтырылған фактілер есепке алынса, қазір жедел жәрдем шақырылған кез келген жағдай жол-көлік оқиғасы ретінде тіркеледі. Сонымен бірге мас күйде көлік жүргізушілер саны азайғанымен, жүргізушілік куәлігінен айырылған азаматтардың рөлге қайта отыру деректері әлі де орын алуда. Полиция дерегінше, биыл мұндай 19 факті анықталып, барлығы сотқа жолданған. Құқық бұзушылар бас бостандығынан айырылған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл әрекет үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Алдағы қысқы маусымда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтіледі. Қолайсыз ауа райында жол қозғалысын шектеу немесе уақытша жабу мәселелері жедел шешілмек. Шідерті маңында, сондай-ақ, қаладағы «Стела», жаңа көпір, «Батыр» ББ және «Ипподром» аумақтарында арнайы бекеттер жұмыс істейтін болады. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






