Ауа райы құбылып тұратын қыс ішінде жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Қала әкімінің аппараттық кеңесінде осы мәселе қаралып, полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қанат Кәрімжанов баяндама жасады.
Биылғы жылдың 11 айы ішінде Екібастұз өңірі аумағында жол-көлік оқиғаларының саны біршама өсіпті. Былтырғы жылы 190 жол апаты болса, биыл 220 жол апаты тіркеліпті. Сонымен бірге, зардап шеккендер саны 62 адамға көбейген. Алайда қаза тапқандар саны 3 адамға кеміпті.
Адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғаларына жүргізілген талдау көрсеткеніндей, көліктің аударылуынан – 1 адам, жылдамдықты асырудан – 2 адам, маневр ережесін бұзудан – 2 адам және арақашықтықты сақтамаудан 5 адам қаза тапқан екен.
Әрине, жол полициясы тарапынан жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізілген. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 9592 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бұл былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 50,5 пайызға көп. Көлікті мас күйінде жүргізгені үшін 216 адам ұсталып, сот 184 адамды жүргізушілік құқығынан айырған.
Павлодар облысының әкімдігі «Қауіпсіз қала» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Сол жоба аясында Екібастұз қаласында жол жүру ережелерінің сақталуын қадағалайтын 31 желілік ақпараттық-бағдарламалық кешен іске қосылған. Жыл басынан бері «Кибер-шериф» көмегімен
39 453 жол қозғалысы ережелерін бұзу анықталып, 775 645 мың теңге сомасында айыппұл салыныпты.
Көлік қозғалысы қауіпсіздігі жолдардың тегіс болуына да байланысты. Осы орайда автожолдарды зерттеу кезінде 300-ден астам кемшілік анықталып, 110 ұйғарым беріліп, сомасы 1,9 миллион теңге айыппұл салынып, 77 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Жол полициясы балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, мектептерде апта сайын бейсенбі күндері дәрістер оқып, практикалық сабақтар жүргізуді дәстүрге айналдырған. Соған қарамастан, балалардың қатысуымен боған жол-көлік оқиғалары саны 11,6 пайызға өсіпті.
Қараусыз мал, сондай-ақ, жабайы жануарлар тас жолға шығып кетіп, жол апатына себепші болып отыр. Соның алдын алу үшін Екібастұз – Майқайың, Екібастұз – Ақкөл автожолдарында қосымша ескерту белгілерін, жануарлар макеттерін орнату қажет.
Баяндамасының соңында Қанат Кәрімжанов көктайғақта, боран-шашында жолдардың қауіпті бөліктерінде көлік қозғалысын шектеу не жолды толық жабу шаралары іске асырылатынын айтты.
Мәселені талқылау барысында қала әкімі Аян Бейсекин әлі де жүргізушілік мәдениет төмендігін тілге тиек етті. Осы орайда, бейнебақылау камералары жол жүру ережелеріне селқос қарайтын жүргізушілерді тәртіпке келтіру құралы болып табылады. Бірақ әкімшілік айыппұл салу мақсат болмауы керек. Жол полициясы мен ТҮКШ бөлімі бірлесіп қала көшелеріндегі жол белгілерін ретке келтіруі тиіс.
Ж.СӘДУАҚАС






