Спорттық акробатика Екібастұз қаласында жақсы дамығалы көп жыл болды. «Жасыбай» спорт мектебінде шеберлігін шыңдаған акробаттар шоғыры сары құрлық пен әлемді сан рет мойындатқан. Алдыңғы буынның сол жетістігін кейінгі буын табысты жалғастырып келеді. 27 қазан – 2 қараша аралығында Үндістанның Гао қаласында өткен Азия чемпионатында біздің акробаттар төрттігі чемпион атанып, Екібастұзға олжалы оралған еді. 2 желтоқсан күні қала әкімі Аян Бейсекин чемпиондар мен олардың жаттықтырушыларын қабылдап, құрмет көрсетті.
— Біз сіздерді мақтаныш тұтамыз. Жалпы, соңғы кезде Екібастұз қаласының спорттық әлеуеті жарқырап көрінуде. Шебер спортшылар шығуы үшін заманауи спорт кешендері де керек. Осы орайда, бірқатар жобалар қолға алынады. «Жасыбай» спорт сарайын жаңалау ісі де жоспарда бар.
Ұл-қыздардың спортпен алаңсыз шұғылдануына жағдай туғызу – атқарушы биліктің міндеті, — деген қала басшысы Аян Уахитұлы ерлер төрттігінің аға бапкері Айсұлу Баймулдина мен кіші бапкер Нұрсұлу Меңдібаеваға гүл шоқтары мен сертификаттар ұсынды.
Чемпиондар төрттігі құрамындағы Әли Амангелді, Назар Воротеляк, Санжар Сәдуов және Мансұр Жәуде де қала әкімінің қолынан 200 мың теңге көлеміндегі сертификаттарды алып, жүздері бал-бұл жанды.
Негізі спортта жетістікке жету үшін табандылық керек. Жаттықтырушы Айсұлу Бахтиярқызының айтуынша, чемпиондар аптаның алты күнінде жаттығу жасап, төрт сағаттан тер төгеді екен. 18 жастағы Назар мен Санжар – студенттер, ал Мансұр С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінде, Әли №26 гимназия-мектебінде оқиды.
— Сары құрлық чемпионатына Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Гонконг, Солтүстік Корея және жарыс қожайындары — Үндістан спортшылары қатысты. Біздің төрттік баланс, динамика жаттығуларында да, көпсайыста да чемпион атанды. Жалпыкомандалық есепте қазақстандық акробаттардың бірінші орыннан көрінгенін де айту ләзім, — деген жаттықтырушы Айсұлу Бахтиярқызы осы жолғы сапарға демеушілік жасаған «Гидропром», «МАИС», «Энергоуправление» жаупкершілігі шектеулі серіктестіктері басшылары мен «Екібастұз халқына» қоғамдық қорының төрағасы Орынбасар Әлеевке алғыс білдірді.
Айтпақшы, 2026 жылы спорттық акробатикадан әлем чемпионаты өтеді екен. Мұны естіген қала әкімі спортшыларға қолдау көрсетілетінін айтып, жаттықтырушыларға табыс тіледі.
Ж.БҰЛАНБАЙ








