Өткен аптада Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтіп, онда ауылдық аумақтарды дамыту, жер әкімшілігі және жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімділігін арттыруға қатысты маңызды мәселелер талқыланды.
Іс-шарада ауылды кешенді дамыту, ауыл әкімдері институтын нығайту және жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді тетіктерін енгізудің өзекті сұрақтары кеңінен сөз болды. Атап өтерлік жайт, ауыл әкімдерінің басын қосқан ауқымды шара елімізде алғаш рет өтіп отыр.
Шараның маңызын Ел Президенті былайша нақтылап өтті:
– Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жуырда ғана Ауыл еңбеккерлерінің екінші форумын өткізіп, осы саладағы өзекті мәселелерді қарадық. Ал бүгін ауыл-аймақтардың даму бағдарын айқындаймыз. Бұл – мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттің бірі.
2020 жылы Президент халыққа Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергені белгілі. Осы 5 жылдың ішінде ел көлемінде 2334 ауыл әкімі сайланыпты. Олардың орташа жасы – 43 жас. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар.
Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды. 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді.
Мемлекет басшысы диалог-платформада сөйлеген сөзінде ауылды дамытуға қатысты жұмыстың негізгі бағыттарын былайша жіктеді:
БІРІНШІ. Ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс.
ЕКІНШІ. Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту керек.
ҮШІНШІ. Әкімдердің өкілеттігімен қатар жауапкершілігі де күшеюі керек.
ТӨРТІНШІ. Төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыру керек.
БЕСІНШІ. Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек.
Сонымен қатар, Президент әкім қызметінде тәжірибесі аз азаматтар үшін
«Amanat» партиясының бастамасымен «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынғанын атап өтіп, университеттерде оқытылатын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағдарламасын талапқа сай өзгерту қажеттігін тілге тиек етті.
– Соңғы жылдары жергілікті билік органдары кезең-кезеңімен қосымша өкілеттікке ие болып, олардың дербестігі арта түсті. Бұл – менің нақты ұстанымым. Өйткені ауыл әкімдері елдегі ағайынның тұрмыс-тіршілігіне қатысты түйткілдерді шешумен айналысады. Қазіргі уақытта Мәжіліс «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға енгізілетін түзетулерді қарастырып жатыр. Аталған нормалар әкімдерге көше саудасына мониторинг жүргізуге, қоғамдық аумақтарды абаттандыруға, арнаулы техникалар сатып алуға қатысты өкілеттіктер беруді көздейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы көтерген салық мәселесі де көпшіліктің көкейіндегіні дөп басты деуге болады.
– Заңды тұлғалардың мүлік және жеке табыс салығының белгілі бір бөлігі аудандардың қосымша трансферттері арқылы төртінші деңгейлі бюджетке аударылғаны жөн. Мұның бәрін Үкімет өңірлер арасындағы алшақтықты реттеуді көздейтін Аймақтық стандарттар жүйесімен ұштастыруы қажет. Бірқатар өңір тұрғындары үшін экологиялық айыппұлдарды толық төлеу – аса өзекті мәселе. Өндіріс орындары экологияға шектен тыс зиян келтіретін елді мекендер тұрғындары мұндай төлемдердің бір бөлігі жергілікті бюджетке түскенін қалайды. Олар бұған толық құқылы. Байқалған теңсіздікті реттеп, мемлекеттік саясаттың ашықтығын, тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін біз салық-бюджет үдерістерін жүйелі түрде жетілдіре береміз. Бұл – Үкімет жұмысының маңызды бағыты, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алқалы жиынға Екібастұз өңірінен 9 ауыл әкімі қатысып қайтты. Шара туралы Екібастұз ауылдық округінің әкімі Жанат Ибраевпен тілдескен едік.
– Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы алда атқарар жұмыстарымызға тың серпін береді деп ойлаймын. Өзіме ұнағаны – жиын нәтижесінде ТҮКШ мәселелерін жедел шешуге, аз қамтылған және мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға әкімдерге құзырет берілмек. Ауыл әкімінің мойнына артылған жүк көп: бәрінің үдесінен шығу үшін әркімге жалынып, қадіріңді кетіріп жүргенің. Осы тұрғыдан алғанда, келешекте әкімдікте ақылы қызмет көрсету мүмкіндігі болатын сияқты. Сонымен қатар, салыққа қатысты көтерілген жайттар көңілдегі түйінді дөп басты деуге болады. Мәселен, көптеген ірілі-ұсақты кәсіпорындардың бас кеңселері Астанада орналасқандықтан, олардың қолдағы техникалары Астана қаласында тіркеуде тұрады. Тиісінше, техника салығын тіркелген жеріне төлейді. Ал нақты жұмыс істеп жүрген өңірінің экологиясы мен экономикасына одан пайда жоқ. Осы мәселенің назардан тыс қалмағанына қуаныштымын.
Ерлан Қабылтаев, Ақкөл ауылдық округінің әкімі:
– Мен «Әлеуметтік саясат: азаматтардың әл-ауқатын арттыру және адами капиталды дамыту» тақырыбындағы панельдік сессияға қатыстым. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев қатысқан бұл сессияда халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау мәселелері талқыланды. Сессияда Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов модераторлық жасады. Платформа делегаттары әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және халықтың осал топтарын қолдау мәселелерін көтерді. Мемлекет көрсететін қызметтерге, кадр мәселесіне қатысты мағлұматтар, цифрландыру жайы талқыланды. Әкімдердің бір-бірімен тәжірибе алмасуы қажеттігі айтылды. Алдағы уақытта электрик, механизатор, тағы басқа ауыл жұрты үшін тапшы болып келе жатқан мамандарды әкімдік штатына қабылдауға мүмкіндік туатын сияқты: бұл – біз үшін үнемі өзекті болып келе жатқан жайт. Әлбетте, ауыл әкімінің мәртебесін көтеру тақырыбын да жылы қабылдадық.








