Заңды тұлғалар жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін арнайы органдардан рұқсат алуы тиіс. Солардың бірі – санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы нормативтік-құқықтық актілердің сәйкестігі негізінде жаңадан ашылған нысандарға санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды береді. Мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте СЭББ жоспарлау бөлімінің басшысы Темірлан Бейсенов баяндады.
– Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында рұқсат құжаттарын беру – egov.kz электрондық веб сайты арқылы жүзеге асырылады. Құжаттар қызмет көрсету қағидаларына сәйкес 5-13 күнде әзірленеді, – дейді бөлім басшысы Т.Бейсенов.
Айталық, эпидемиологиялық мәні жоғары нысанға санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды 13 күнде дайындалады. Ал мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын тамақ өнімін өндіру нысаны үшін мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – 5 жұмыс күні.
Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу қажет жоғары эпидемиологиялық маңызы бар нысандардың тізбесі ҚР Денсаулық сақтау министрі бекіткен бұйрықта көрсетілген. Құжатқа сәйкес, меншік түріне қарамастан барлық мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім беру нысандары, денсаулық сақтау нысандары, қоғамдық тамақтану және сауда нысандары, бассейндер, сыйымдылығы 20 орыннан асатын моншалар мен сауналар қауіптіліктің 1-2-кластарына жатады.
Құжаттардағы қателер анықталғанда, қызметті алушының не заңды тұлғаның атауы өзгергенде жеке және заңды тұлғалар нысанға тексеру жүргізбей, бұрын берілген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны қайта ресімдей алады.
Мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысты кеңес алу үшін азаматтар Ә.Молдағұлова көшесі,81 мекенжайында орналасқан басқармаға баруына немесе Е-өтініш платформасы арқылы жазбаша сұрау салуына болады. Содай-ақ, 775019 телефон нөміріне хабарласуға болады.
Кенже ҚУАТ





