«Ауыл – қаланы асыраушы» деген қанатты сөз бар. Расында да ауыл шаруашылығы еңбеккерлері елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, дастарханымыздың берекесін кіргізіп отыр. Сол себепті де қысы-жазы тер төгіп еңбектеніп жүрген диқандар мен малшылардың еңбегі бағалауға лайық. 21 қараша күні «Өнер» мәдениет сарайында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Салтанатты жиын алдында жиналған қауым ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалап, дәм ауыз тиді.
Таяуда Астанада Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІ форумы өтіп, онда агроөнеркәсіп саласын дамытудың маңыздылығы сөз болып, міндеттер айқындалған болатын. Осы орайда Екібастұз өңірінде де бұл бағытта биылғы жылы қыруар жұмыс атқарылып, тәп-тәуір көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда өңірде 54 мың ірі қара, 44 мың жылқы және 50 мың қой-ешкі бар. Төрт түліктің қыстағына 117 мың тонна мал азығы әзірленді. Күз келгелі шаруалар бордақылау алаңдарына 1075 бұқашық тапсырыпты. Мал шаруашылығын дамытуда мемлекет қолдауы пәрменді. «Ауыл аманаты» бағдар-
ламасы аясында шаруаларға жалпы сомасы 284 миллион теңге несие беріліпті. Сонымен қатар, «Агро бизнес», «Іскер», «Кең дала» бағдарламалары да несие алушылар үшін қолайлы болып тұр. Осындай қолдаудың арқасында биылғы жылы өңірдегі ауыл шаруашылығы техникасы паркіне 66 жаңа техника қосылды. Ауыл шаруашылығы саласының қуаты артқан сайын өнім өндіру көлемі де ұлғайды. Айтпақшы, бұл – кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған көрмеде көрініс тапты. Көрмеге кенттер мен ауылдық округтерде өсірілген картоп пен көкөніс түрлері, ет пен сүт өнімдері қойылып, елді мекендердің тыныс-тіршілігінен хабардар ететін ақпараттар ұсынылды.
– Төртүй ауылында Бақтияр Убабаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде несие алып, мал сою цехын салып жатыр. Сонымен бірге, биыл құрылған «Өлеңті» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі несиеге герафорд тұқымды ірі қара сатып алды. Ал «Тай-Агро» өндірістік кооперативі ауыл шаруашылығы техникасын иеленіп, асыл тұқымды құнажындарға қол жеткізді, – дейді Екібастұз ауылдық округі әкімі Жанат Ибраев.
Сарықамыс ауылдық округі шаруалары да 7 жаңа техника сатып алып, «Бірлік» шаруа қожалығы мал сою цехын іске қосыпты.
Бүгінгі күні ауыл халқының тұрмысы жақсаруына қоса, жолдар асфальтталып, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Мәселен, Қоянды ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мектеп жаңаланып, ФОК құрылысы жүргізіліп жатыр. Солнечный кентінде кәсіпкер Әсемгүл Сағынаева «SUN-SITY-2024» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, 27 миллион теңге несие алып, «Шахризада» наубайханасын ашыпты. Наубайханада қазір нан-тоқаштың 20-дан астам түрі пісіріледі. Өнім Солнечный кентінде ғана емес, Ақкөл, Зеленая роща, Басқамыс ауылдарында сатылуда. Дәл осындай наубайхана «Шідерті» кентінде де ашылған екен.
Айта берсек, биылғы жылы жүзеге асырылған игі іс көп. Қала басшысы Аян Бейсекин көрмені аралап, оған қатысушылармен пікірлесіп, еңбектеріне табыс тіледі.
Кәсіби мерекенің салтанатты бөлімінде қала әкімі Аян Уахитұлы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін құттықтап, алдағы жылы да агроөнеркәсіп саласын дамытуда серпінді жобалар қолға алынатынын, ол міндеттер ел-жұрттың қажырлы еңбегімен еңсерілетініне сенім білдірді. Содан соң әдеттегідей марапаттауға кезек жетті.
«Жаңа ауыл» шаруа қожалығы басшысы Қайрат Ибраевқа «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етіліп, «Марғұлан -2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі төрағасы Асхат Бұламбаев Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Мемлекеттік қызмет ардагері Ерлан Қасеналинге, Ақкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жақсылық Истаевқа, «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының басшысы Гүлия Нұрсұлтанға, Павлодар облыстық ветеринариялық станциясы Екібастұз бөлімінің басшысы Арман Тәуірбаевқа Павлодар облысы әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қонақбай Тұрымтаев «Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісіне ие болды. Сонымен қатар, бірқатар азаматқа қала әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табыс етілді.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев та жылы лебізін жеткізіп, «Табыс» шаруа қожалығы механизаторы Арман Көшкінбаевты, «Нурали» шаруа қожалығы басшысы Бақыт Толымханды қалалық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, «Энималфарм» шаруа қожалығы тракторшысы Николай Андосовты, «Жетісай» шаруа қожалығының басшысы Жанболат Мақашевты, Ақкөл ауылының ветеринариялық пунктінің фельдшері Күндербек Мұқановты Алғыс хатпен марапаттады.
Мерекелік шара әнші-бишілердің өнер көрсетуімен аяқталды.
Ж.Жәлелұлы








