19 қараша күні №10 жалпы орта білім беру мектебінде өскелең ұрпаққа қаламыздың қалыптасу тарихын таныстыру мақсатында «Замандас» қалалық ардагерлер кеңесі өкілдерінің қатысуымен тағлымды кездесу өтті. Шараға «Экибастузшахтастрой» комбинаты ардагерлер кеңесінің төрағасы Мунир Шагиахметов, ардагерлер кеңесінің мүшесі Александр Каськов және Әлия Сыздықова қатысты. Ардагерлер бұған дейін де қала мектептері мен колледждерінде дәрістер өткізіп, жасөспірімдерге Екібастұздың алғашқы құрылысшылары туралы құнды ақпарат беріп жүрген жайы бар.
Кездесу барысында мектеп дәлізінде қала тарихынан сыр шертетін кітаптар, мерзімдік баспасөз материалдары мен фотосуреттер қойылып, оқушыларға Екібастұздың өткенінен мол мағлұмат ұсынылды. Көрмелік материалдар қаланың қалыптасу кезеңдерін, өндіріс орындарының салынуын, алғашқы құрылысшылардың еңбек жолын көзбен көруге мүмкіндік берді.
Мунир Шагиахметов өз сөзінде туған жердің тарихын білу жас буын үшін аса маңызды екенін атап өтті:
— Жастар туған қаласының тарихын, алғашқы құрылысшылардың еңбегін білуі керек. Кім қандай жұмыс атқарды, олардың жетістіктері ұмытылмауы тиіс. Өткенге құрмет — болашаққа бағдар. Шахта құрылысы саласының әрбір маманы өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қаламыздың бүгінгі келбетін қалыптастырды, — деді ол.
Кездесу барысында оқушылар Екібастұздың құрылу кезеңдері, өндірістік нысандардың бой көтеруі, алғашқы құрылысшылардың табандылығы мен ерлігі туралы тың деректерге қанықты. Сондай-ақ, оқушылар қонақтарға сұрақтар қойып, «Экибастузшахтастрой» мамандарының нақты қандай нысандарды тұрғызғанын білгісі келді. Өз тәжірибесіне сүйенген Мунир Фатихұлы бұл сұраққа кеңінен жауап беріп, шахтақұрылысы кәсіпорнының қалыптасу жылдары туралы естеліктерін бөлісті.
Ардагердің айтуынша, «Экибастузшахтастрой» комбинаты — бүгінгі қаланың негізін қалаған ұжым. Дәл осы кәсіпорыннан бастау алған құрылыс жұмыстары шағын поселкенің үлкен қалаға айналуына себеп болды. 1948 жылы поселкеде бар болғаны 600 адам тұрса, соның 420-сы құрылыста, көмір өндіруде еңбек еткен. Сонымен қатар, жиналған қауымға фотожурналист Жұмағали Сейтеновтің жаңа жинағы — «Екібастұздың басты байлығы» кітабы таныстырылды. Кітапта қаланың даму жолы, құрылысшылардың еңбегі мен табандылығы фотоматериалдар арқылы жан-жақты көрсетілген, бұл жас ұрпаққа тарихи сабақ іспетті.
Шара соңында Мунир Фатихұлы қаламыздың бүгінгі дәрежеге жетуінде «Экибастузшахтастрой» мамандарының еңбегі ерекше рөл атқарғанын атап өтіп:
— Олардың еңбегінсіз бүгінгі әсем әрі еңселі Екібастұзды елестету мүмкін емес. Біз салған қаланы көздің қарашығындай сақтаңыздар! Екібастұз қаласының кешенді даму жоспары жүзеге асса, қаламыз жаңарып, заманауи келбетке ие болады. Осыған үлкен үміт артамын, — деп сөзін қорытындылады. Мектеп ұстаздарының айтуынша, мұндай кездесулер жас ұрпаққа кәсіби бағдар берудің тиімді жолы. Ардагерлердің әңгімелері оқушыларды ерлікке, еңбекқорлыққа, туған жердің тарихын бағалауға тәрбиелейді және буындар сабақтастығын нығайта түседі.






