Қаламызда алты нүктеде тік LED-экрандар орнатылды. Бұл – ақпараттандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды құрал. Ол арқылы жүргізушілер назарына жол апаттары, жөндеу жұмыстары, жолда жүру ережелері, ауа температурасы туралы жедел ақпараттар ұсынылып отырады. Сондай-ақ, дисплейлер әлеуметтік және коммерциялық жарнамаларды беруге де қолайлы.
«Ақылды» дисплейлер туралы қаламыздың басшысы Аян Бейсекин өз парақшасында мынадай түсініктеме берді:
– «Ақылды» тік дисплейлерді жүйелі орнату тәжірибесі 2010-шы жылдардың ортасында Алматыда пайда болған. Ол кезде жоба екінші деңгейлі банктердің қатысуымен жүзеге асырылған еді. Алматы қаласының әкімдігінде жұмыс істеген кезімде мен бұл жобаны әзірлеуге мемлекеттік орган өкілі ретінде қатысқанмын. Екібастұз қаласында «ақылды» дисплейлер орнатуды «RWS M» компаниясы жүзеге асырды. Қазіргі кезде қажетті контент түзілуде, дайын болғанда көпшілікке ұсынылады. Жалпы, келешекте қала көшелерінде билбордтар санын қысқартып, смарт технологияларға көше бастаймыз. «RWS M» командасына кәсібилігі мен қаламызға сенім білдіргені үшін алғыс айтамын».
Ж.ӘБДІКӘРІМ







