№24 гимназия-мектебінде танымал фотожурналист, өлкетанушы Жұмағали Сейтеновтің мерейлі 70 жасқа толуына орай ұйымдастырылған фотокөрменің салтанатты ашылуы өтті. Аталған шараға білім ордасының ұстаздары мен оқушылары қатысып, фотоөнер шеберінің бірегей туындыларына куә болды.
Көрмеге қойылған фотосуреттер Жұмағали Сейтеновтің алуан түрлі тақырыптарды қамтыған мол мұрасын паш етті. Фотографтың туындылары Павлодар өңірінде әр жылдары өткен түрлі іс-шаралардың, айтулы оқиғалардың жарқын сәттерін таспалап, сол дәуірдің тарихи тынысын жеткізуімен ерекшеленеді. Әсіресе, өлкетанушының Екібастұз қаласының спорттық тарихына арналған фотосериясы көрермен назарын ерекше аударды.
Автордың объективіне ілінген жүзі жарқын, көңілі шат адамдардың фотобейнесінен ерекше жылылық пен өмірге құштарлық сезіледі. Оның кейіпкерлері – айналасына қуаныш сыйлауға асығатын, әрбір сәттен жан ләззатын алуға тырысатын жандар. Көрмеде фотожурналистің Екібастұз қаласының футбол тарихының жарқын сәттерін, өңір табиғатының әсем көріністерін және мәдени өмірін бейнелеген бірегей туындылары орын алды. Сондай-ақ, экспозицияда Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналған фотосуреттер ұсынылып, ел бірлігі мен татулықтың жарқын көрінісін паш етті.
Жұмағали Сейтенов 1955 жылы 6 мамырда Павлодар облысы Железин ауданында дүниеге келген. Ол 1978 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітіріп, еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында бастаған. Киностудияда директорлық қызметтен бастап, мультипликациялық және диапозитивтік фильмдер шығаратын шығармашылық өндірістік бірлестікте жемісті қызмет еткен. Азаматтық борышын өтеп келген соң Железин аудандық «Ленинское знамя» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеген. Жұмағали Мизам-
ұлы Ақсу, Павлодар, Екібастұз қалалары және Железинка ауданында өткен 30-дан астам фотокөрменің бастамашысы және ұйымдастырушысы болған.
Көрмені ұйымдастырушы Алма Құлниязова іс-шараның маңыздылығын атап өтіп:
– Бүгін біз мерейлі жасқа толған Жұмағали Сейтеновтің жұмыстарынан көрме ұйымдастырып отырмыз. Бұл азамат – Павлодар облысында аса танымал тұлға, сондықтан мектеп оқушылары оның еңбек жолы мен шығармашылығын танып білсін деген оймен осы шараны ұйымдастырдық, – деп ізгі тілегін білдірді.
Көрме барысында оқушылар авторға қызықты сұрақтар қойып, тағлымды әңгімелер тыңдады. Шара соңында Жұмағали Сейтеновпен бірге естелік суретке түсіп, оқушылар үшін бұл күн ұмытылмас әсерге толы болды. Фототуындылар экспозициясы мектепте бір ай бойы ашық болады және барлық келушілер үшін қолжетімді.
Ділназ Серікбай









