15 қараша күні «Өнер» қалалық мәдениет сарайының сахнасында Астана қаласы әкімдігінің «Қанаттылар» инклюзивті театры «Екі тағдыр – бір өмір» атты автобиографиялық драманы көрермен назарына ұсынды. Бұл қойылым – театрдың жеке шығармашылық ұйым болып құрылғаннан кейінгі алғашқы ауқымды еңбегі.
«Қанаттылар» театрының құрамында арбамен қозғалатын, көру немесе есту қабілеті шектеулі болса да, өнерге деген құлшынысы жоғары 40-қа жуық актер бар. Олар үшін сахна — өз мүмкіндігін дәлелдеудің әрі қоғаммен арадағы көпірдің кеңістігі.
Пьесаның авторы Ақбота Ермаханова мен режиссер Сүндет Сәрсен көрерменге адамның ішкі рухының күшін, қиындыққа төтеп беру және қайта тұру тақырыптарын жеткізеді. Қойылым театр жетекшісі Арнұр Искаковтың өз өмір жолына негізделген. Жас Арнұрдың қарапайым армандары — жаңа телефон, жақсы жұмыс, бір сәттік бақыт туралы ойлары аяқ астынан күйрейді. Суға батып бара жатқан қызды құтқару сәтінде алған ауыр жарақат оның өмірін мүлде басқа арнаға бұрады. Сол ауыр кезеңдегі жан арпалысы, күйзеліс, өз-өзімен күрес пен қайта тұруға деген талпыныс жас Арнұр мен ересек Арнұрдың сахнадағы сырласуы арқылы өте нанымды берілді. Өмірдің бір сәтте өзгеруі көрерменді де бей-жай қалдырмады.
Арнұрдың студенттік шағы, Лаурамен алғашқы танысуы сахнада ерекше нәзік берілген. Кітапханадағы анатомия кітабына қалдырылған шағын жазбадан басталған таныстық уақыт өте келе үлкен сүйіспеншілікке айналады. Алайда тағдыр бұл екеуін де сынайды. Арнұрдың жарақаттан кейінгі өз-өзіне сенімсіз кезеңінде жары Лаураның қолдауы оның қайтадан күш жинауына, өмірін қайта бағамдауына себеп болды.
Басты рөлді сомдаған Шыңғысхан Жұмағалиұлы көрерменмен бірден байланыс орнатып, Арнұрдың ішкі толқынысын, күйзелісін шынайы жеткізді. Қойылымнан кейін актер бұл жұмыстың басты мақсаты адам қандай қиындыққа тап болса да, жалғыз еместігін, әрдайым қолдау бар екенін көрсету екенін айтты. Оның сөзінше, қиын сәтте сыр бөлісу, көмек сұрау әлсіздік емес, керісінше, адамның өмірге деген құрметін білдіреді. Әсіресе жастарға бір-бірімен ашық сөйлесіп, мәселесін жасырып қалмау керектігін жеткізді.
Қойылымда тек Арнұрдың тағдыры ғана емес, өзге кейіпкерлердің де өмірлік түйткілдері қатар өрбиді. Бірі жауапсыз махаббаттың күйзелісін бастан өткерсе, бірі отбасындағы ішімдік мәселесімен бетпе-бет келеді, енді бірі материалдық қиындықтардан өмірге деген сенімін жоғалтуға таянады. Арнұр олардың әрқайсысына өз тағдырымен салыстыра отырып, «әр адам қиындықты әр түрлі сезінеді, бірақ үміт бәріне ортақ» деген ойды жеткізеді. Спектакльде Арнұрдың жас кезін Шыңғысхан Жұмағалиұлы, жас Лаураны Карина Кәкенова, досы Ринатты Мейіржан Ғарифолла, құрбысы Бахошты Чарас Хамидова, кураторды Ғабиден Бәденов, ересек Арнұрды Арнұр Искаковтың өзі, ал ересек Лаураны Лаура Искакова сомдады.
Спектакль соңында барлық кейіпкер сахнаға қайта шығып, өз жолын тапқан сәттерін көрерменге жеткізді. Залдағы ұзақ соғылған шапалақ пен толқыған көңіл күй қойылымның әсерін айқын көрсетті.
Режиссер Сүндет Жетекұлы спектакльдің адамның таңдауына, өмірге деген көзқарасына және рухани беріктігіне арналғанын атап өтті. Оның айтуынша, сахнадағы кейіпкерлердің бейнесі актерлердің өз өмірімен үндес келеді: мұның көрерменге ықпалы күштірек.
Сценарист Ақбота Ермаханова:
— Бұл драма Арнұрдың жарақатқа дейінгі және кейінгі өмірін бір арнаға сыйғызады. Оның қиындыққа қалай бейімделгенін көрсету біздің басты мақсатымыз болды. Труппада көру, есту қабілеті шектеулі актерлер бар, бірақ олардың өнерге деген ықыласы өте жоғары, — деп түйіндеді.
«Екі тағдыр — бір өмір» нақты оқиғаларға негізделген шынайы қойылым ретінде көрерменге өмірдің құндылығын, адамның ішкі күшінің қуатын және қиындықпен күрестің мәнін барынша ұқтырды деп білеміз.
Ділназ Серікбай








