Екібастұзда екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қалалық Әкелер кеңесі отбасы институтын нығайтуға, әкенің бала тәрбиесіндегі орнын арттыруға бағытталған игі бастамалардың бірі болып отыр. Кеңес төрағасы – төрт ұлдың әкесі, №11 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуанышбек Ақмағамбетов бүгінгі әке рөлінің маңызы мен кеңестің жұмысы туралы әңгімелеп берді. Ол отбасындағы тәрбиенің тірегі әке деп санайды.
Қуанышбек Оразбекұлы – жұмысы қауырт ұстаздардың бірі. Сабақ, құжаттар, әдістемелік дайындық секілді шаруалары көп-ақ. Соған қарамастан, сенбі-жексенбі күндерінің бірін міндетті түрде балаларымен серуендеуге, сырғанақ, коньки тебуге, волейбол, футбол ойнауға арнайды. Содан да болар, ұлдары спортқа жақын. Балаларының сабағына, спорт үйірмесіне, демалысына әрдайым көңіл бөледі. Кеңес төрағалығына ұсынылуына да осы белсенділігі себеп болған секілді.
Педагогтың айтуынша, қазіргі қоғамда әкенің рөлін тек «асыраушы» ұғымымен шектеп қою қате. Әке – баланың өмір жолындағы сенімді тірек, бағыт-бағдар беретін тұлға. Сондықтан ол бала өмірінің барлық кезеңіне белсенді араласуы тиіс.
Төраға жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық Әкелер форумына Екібастұздың атынан қатысып келеді. Биылғы форум «Әке. Отбасы. Қоғам» тақырыбына арналған. Жиынға депутаттар, сарапшылар, халықаралық ұйым өкілдері қатысып, әкелердің тәрбиедегі белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Форумда «ХХІ ғасыр әкесі: әрекетке шақыру» декларациясы қабылданыпты. Құжатта жаңа дәуір әкесі тек отбасының тірегі емес, баланың алғашқы күнінен бастап оның өміріне араласып, қамқорлық пен жауапкершілікті бөлісетін маңызды тұлға екені атап көрсетілген.
Шараға қатысып келген соң Қ.Ақмағамбетов форумнан түйген ойын екібастұздық әкелермен кездесу барысында ортаға салды. Ортақ жоспар құрып, шеберлік сағатын өткізді. Қараша айында мектепішілік жиын өткізіп, №11 мектептің әкелерінің басын қоспақ.
– Форумда таратылған «Амал дәптері» кітабын керемет әдістемелік құрал деуге болады. Онда танымал азаматтардың, соның ішінде бұрынғы министр Аймағамбетовтің де әкелік тәжірибесі, жіберген қателіктері мен жетістіктері жинақталған. Тәрбие ісінде күнделікті қолдануға тырысамын, – дейді Қуанышбек Оразбекұлы.
Ақмағамбетов қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – әкелердің бала тәрбиесіне аз қатысуын сынады.
– Өзіңіз де білесіз, мектептің ата-аналар чатында да, жиналыста да көбіне аналар отырады. «Әкелері жұмыста» деген сылтау жарамайды. Анасы да жұмыста емес пе? Әкелер неге бала тәрбиесінен алыстап қалды? Әкенің балаға «уақыты жетпей қалуы» кейін үлкен психологиялық алшақтыққа ұласатынын неге түсінбейміз? – деген ол осындай жағдайға мысал келтірді.
Әкесі вахтамен жұмыс істейтін баланың үйде әкесімен қатынасы нашарлап, зиянды әдетке ұрынып, вейп қолдана бас-
таған. Мәселенің түп-төркіні – әкесімен байланысының үзілуі. Бұл жерде оқушымен ғана емес, отбасын асырау қамымен жүрген әкенің қамқорлығын түсіндірмеген анасымен де әңгімелесіп, түсіндіру арқылы отбасылық тыныштық сақталып қалды.
«Әкелер кеңесі қандай жұмыс атқарады?» дегенге келсек, кеңестің негізгі мақсаты – жасөспірімдерге ұлттық құндылықтарды сіңіру, әке мен бала қарым-қатынасын нығайту, отбасы ішіндегі үйлесімділікті арттыру. Кеңес мектепішілік іс-шаралар ұйымдастырады, әкелер мен ұлдардың бірге уақыт өткізуін қолдайды, салт-дәстүр, ер бала тәрбиесі жөнінде түсіндіру жүргізеді, тәрбиеге ата-әже мен туыстарды да тартуды насихаттайды және ең бастысы, еңбек пен жауапкершілікті үйретеді.
– Мектеп немесе мешіт сіздің балаңызды толық тәрбиелеп бермейді. Негізгі тәрбие – отбасында. Мешітке де өзің апарып, түсіндірмесең, нәтиже болмайды. Өз басым ұлым өмірді көріп, түсініп өссін деп тойға да, қазалы үйге де ертіп жүремін, – дейді төраға.
Медиация курсын аяқтаған, ата-аналармен жұмыс тәжірибесі мол педагог Қуанышбек Ақмағамбетов тәрбие мәселесінде отбасындағы сыйластық пен өзара құрметтің ерекше маңызын атап өтті. Ол тәрбиені сөзбен емес, өз ісімен үлгі болып көрсету керек деп есептейді.
– «Ұлды қызға, қызды ұлға сыйлатқымыз келсе, алдымен ер мен әйел бірін-бірі сыйлауы тиіс. Еркекті тек «ақша табушы» деп қабылдамау керек. Әйел шайпау болса, ұл-қыз әкесін сыйламайды. Еркек әйеліне қатал болса, ұлы да содан көргенін істейді. Мұның бәрі қоғамдағы қатыгездікке әкеп соқтыруда. Қарапайым нәрсе: әке балаларға қамқорлық жасаумен қатар шұлық жуу, аяқ киім тазалау, ұқыптылық секілді тұрмыстық дағдыларды да үйреткені дұрыс. Бұл дағдылар оған ертең жатақханада, әскерде қажет болары анық, – дейді ол.
Екібастұздық әкелер кеңесінің жұмысы – бүгінгі қоғамға қажет бастама. Әкенің отбасындағы рөлі күшейген сайын, ұрпақ тәрбиесі де дұрыс бағыт алады. «Қоғамды түзеу үшін алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек» деген Қуанышбек Ақмағамбетовтің сөзінің астарында үлкен мән жатыр. Өйткені ұлттың ертеңі – отбасындағы әке мен ананың бірлескен тәрбиесінде.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ







