Ұлттық спорт түрлерін дәріптеу мен дамытуға қаламыздағы білім ордалары да өз үлестерін қосып отыр. 13 қараша күні №18 қазақ орта мектебінде «Асық ату – ата дәстүрім» атты қалалық жарыс өткізілді. Онда жарыс иелеріне қоса, №№11,17,24,36 мектептер мен «Қайнар» және «Самғау» балалар орталықтары командалары шеберлік байқасып, сақа ұстаған 30 бала сайысқа түсті.
«Арбаған мені бір сиқыр» демекші, асықшы балалар шеңбер ішіне тігілген 15 асықты 5 метр қашықтықтан сақамен дәл көздеп, сыртқа шығарып жіберуге тәп-тәуір машықтанған екен. Шебер ойыншылар көп болса, жарыстың көрігі де қыза түседі. Ал асықшы баланың шеберлігін шыңдау – бапкердің міндеті.
– Біздің мектеп басшылығы ұлттық спорт түрлерін бала тәрбиесінің бір бөлшегі деп есептейді. Балалар асық ату, бестас, тоғызқұмалақ үйірмелеріне ықыласпен қатысып жүр. Денешынықтыру пәні мұғалімдері: Дархан Мақажанов, Жұмат Мұсаипов, Мәдина Қажыбаева, Наурызхан Тілейханның ұлттық спортты дамытуға сіңіріп жүрген еңбектері атап өтуге лайық, – дейді әңгімесінде №18 қазақ мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дәметкен Терлікбаева.
Ұлдар мергендікті қажет ететін асық атумен шұғылданса, қыздар жағы ептілікті қажет ететін бестас ойнайды екен.
– Бестас үйірмесі былтыр ұйымдастырылған. Он бес қыз ұлттық спорттың осы түрін таңдап, жаттығып жүр. Іңкәр Қабылда, Бақыт Ақбаян, Кәусар Серік сияқты қыздар жарыстарда жүлдегер болып та үлгерді, – дейді бапкер Мәдина Қажыбаева шәкірттерінің алар асуы әлі алда екеніне нық сеніммен.
Ұлттық спорттың серпінді дамуы үшін қоғам тарапынан қолдау қажет. Осы орайда, №18 мектептегі жарысқа қаламыздағы Батыс округі ардагерлері кеңесі демеушілік жасауды ұйғарыпты. Жарыс кезінде осы кеңес мүшесі, еңбек ардагері Серік Боранбаевпен әңгімелестік.
– Спорт мен үшін жат емес. Сонау 1968-1973 жылдары Семей зооветеринарлық институтында оқып жүргенде классикалық күреспен айналыстым. Сол уақытта кейін Мәскеу Олимпиадасының чемпионы болған атақты палуан Жақсылық Үшкемпіровпен бір залда жаттыққан едім, – деп әңгімесін ақтарған Серік қарияның өнерден де құралақан еместігін біліп, риза болдық.
Жетпіс төрт жастағы қария өлең шығарып, ән жазады екен. Домбыра, баян, мандолин сияқты аспаптарда ойнайтын ол оқушы кезінде Шөптікөл мектеп-интернатында белгілі сазгер Шәкен Рақышев ұйымдастырған ансамбльде өнер көрсетіпті.
– Ертеректе ауыл балалары асық ойнап, қорғасын құйылған сақасымен мақтанушы еді. Кейін ұмытылған сол дәстүрдің бертін қайта жаңғырғаны көңіл қуантады. Үй ішінде де асық атып, тоғызқұмалақ ойнауға болады. Мұның өзі әке мен бала арасындағы қатынасты жарасымды етіп, отбасы бірлігін нығайтады, – дейді көпті көрген қария.
Енді командалық жарыс қорытындысы туралы айтар болсақ, 5-6 сыныптар оқушылары арасында 1-орынды №11 мектептің командасы, 2-орынды №36 лицей-мектебі командасы иеленді. №18 мектеп пен «Қайнар» ББК командалары 3-орынды қанағат тұтты.
7-8 сыныптар оқушылары арасында №11 мектеп командасы жеңімпаз атанып, «Қайнар» ББК командасы 2-орын алды. Үшінші орын №36 лицей-мектебі мен №17 мектеп командаларына бұйырды.
Ж.Жәлелұлы







