Екібастұз қалалық мәслихатының депутаттары: Мариям Мәлікова, Жанат Ибраев, Манат Алғамбаров, Жетпісбай Жакупов және Арман Иманқұлов Екібастұз өңірінің ауыл шаруашылығы ардагерлерін Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күнімен құттықтап қайтты. Олар арнайы Әди Әлкебаев, Қабдылуахит Ибраев, Құдайберген Мусин, Сайлаубай Оразбаев, Амангелді Балабеков, Жасұлан Сәдуақасов сынды Екібастұз өңірінің ауыл шаруашылығы саласында тер төккен ардагерлердің үйлеріне ат басын бұрды.
Қуанарлық жайт, саналы ғұмырын еселі еңбекке арнаған бұл ағалар бүгінде қоғамдық жұмысқа белсене араласып келеді. Мәселен, Жасұлан Сәдуақасов қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы болса, ақсақал аталарды «Замандас» ардагерлер клубы ұйымдастырған шаралардан, «Замандастар – құрдастар» ардагерлер ансамблі қойған концерттерден жиі кездестіреміз. Олар – еңбек адамының қанаты ешқашан талмайтынын, жігері ортаймайтынын дәлелдеп келе жатқан жандар. Көптеген бұқаралық шараларда маңдайлары жарқырап залдан табылып, тау тұлғаларымен жастарды рухтандырып жүргенін көресің.
«Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күнінде сіздерге шексіз алғысымыз бен терең құрметімізді білдіргіміз келеді. Сіздердің еңбектеріңіз – еліміздің әл-ауқатының негізі. Сіздер бізге тек кәсіби тәжірибе ғана емес, сонымен қатар, туған жерге деген сүйіспеншілік, өз ісіне жауапкершілік және еңбекке сенім сияқты маңызды құндылықтарды аманаттадыңыздар», – деп атап өтті депутаттар.
Ж.ЖАПАРОВА






