Заман ағымына қарай спорттың жаңа түрлері пайда болды емес пе. Солардың бірі – аралас жекпе-жекке бүгінгі таңда жас буынның ықыласы артып тұр. Екібастұздықтар арасынан да тәп-тәуір жетістіктерге жетіп, есімдері елге танымал болып үлгерген ММА жауынгерлері өсіп-жетілді. 14 қараша күні қала әкімі Аян Бейсекин аралас жекпе-жек шеберлері Диас Еренғайып пен Расул Хатаевты қабылдап, әңгіме-дүкен құрды.
Диас Еренғайыптың аралас жекпе-жекпен шұғылданғанына он жыл болыпты. Қазіргі уақытта Астана қаласында «Евразия центр» спорт клубында жаттығады екен. Жаттықтырушысы – Руслан Абдырайып. Диас биылғы жылы бірнеше жекпе-жек өткізіпті. АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында гриплингтен өткізілген турнирде 66 кило салмақ дәрежесінде жеңімпаз атаныпты. Ал мамыр айында кәсіпқойлар арасындағы ММА турнирінде 61 кило салмақта бұрынғы чемпион Хоссе Торесті жеңіпті. Сонымен қатар, 9 қарашада Бахрейнде болған Brave CF лигасы турнирінде аса жеңіл салмақта әзірбайжандық файтер Байрам Шаммадовты ұтып, өз мансабындағы жеңістері санын 18-ге жеткізді.
Екібастұз қаласындағы №10 мектептің түлегі Расул Хатаев әуелгіде «Жасыбай» спорт мектебінде еркін күреспен айналысып, содан соң аралас жекпе-жекке ауысқан екен. Бүгінгі күні «Alash Pride FC» қазақ лигасында өнер көрсетіп жүр. 10 қараша күні осы лиганың ауыр салмақтағы чемпиондық титулы үшін болған жекпе-жекте Леонардо Гимараесті буындыру тәсілімен жеңіп, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.
Аралас жекпе-жек жауынгерлерімен әңгімелескенде қала басшысы Аян Уахитұлы спорттың бұл түрі жігерді жанып, мінезді қалыптастыратынын айтып, жастардың ММА спортына қызығушылығы артуы қоғамға залал келтіретін іс-әрекеттерден аулақ жүруіне ықпал ететінін тілге тиек етті.
– Екі жекпе-жекті де барлық екібастұздықтар сияқты мен де тамашаладым. Екеуіңіз жеңіске жеткен сайын Екібастұздың аты да аспандай түспек. Біз әрдайым қолдау көрсетуге әзірміз, – деген қала әкімі Аян Бейсекин Диас Еренғайып пен Расул Хатаевтың әрқайсысына мөлшері 2 миллион теңгелік сертификаттарды табыс етті.
Диас Еренғайып көрсетілген сый-құрметке ризашылық білдіріп, қала басшысына сыйкәде ұсынды.
Ж.Жәлелұлы







