Екібастұз қаласында алдағы қыс маусымында туындауы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға арналған дайындық жұмыстары басталды. Осы мақсатта 13 қараша күні «Қыс – 2025» командалық-штабтық оқу-жаттығулары ұйымдастырылып, қала аумағында арнайы техникалардың саптық байқауы өтті.
Іс-шараға Екібастұз қаласы әкімі аппаратының басшысы Жандарбек Туребеков және төтенше жағдайлар қызметтерінің мамандары қатысты. Байқау барысында жедел жәрдем, бульдозерлер, экскаваторлар, эвакуаторлар және апаттық-құтқару машиналарының дайындығы тексерілді. Барлық техниканың қар тазалау, кабель жөндеу, құтқару жұмыстарын жүргізу сияқты негізгі тапсырмаларды орындауға толық әзір екені айтылды.
Екібастұз қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Қажкаримовтың айтуынша, оқу-жаттығудың басты мақсаты – төтенше жағдайлар туындаған жағдайда жедел әрекет етуге арналған техниканың дайындығын тексеру және жергілікті қызметтердің өзара үйлесімділігін бағалау.
— Бұл оқу-жаттығулар аяз, көп қар түсетін күндер, жарық сөнуі немесе жолдың жабылуы сияқты қиын жағдайларда қызметтердің қалай жұмыс істей алатынын көру үшін жүргізіледі. Бүгін барлық арнайы техника назарға алынып, дайындық деңгейі толық тексерілді. Техниканы қысқа мерзімде әзірлеп, межелі жерге жеткізуде мамандардың кәсіби шеберлігі сынға түсті, — деді ол.
Арнайы техникаларды тексеру мен практикалық дағдыларды пысықтау оқу-жаттығулары Шідерті кенті аумағында жалғасын тапты.
Жалпы, «Қыс – 2025» оқу-жаттығулары төтенше жағдайлар қызметтерінің материалдық-техникалық базасының мүмкіндігін көрсетіп, апатты жағдайда жедел әрі тиімді әрекет етуге дайын екенін байқатты. Мұндай оқу-жаттығулар сала мамандарының дайындығын арттыра түседі.
Ділназ Серікбай








