Сібір күйдіргісі – тері қабаттарын, ішек пен өкпені зақымдайтын, тез өршитін жұқпалы ауру. Оның қоздырғышы қоршаған ортада ғасырлар бойы сақталады. Сондықтан ауру малды көмген қорымдарды елді мекеннен аулақ, қоршап ұстайды.
Ауру малдан жұғады. Оның қауіптілігі сонша, жұқтырған адам дер кезінде дәрігерге қаралмаса, 2-3 күнде өліп кетуі мүмкін. Қатерлі ауру туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Сандуғаш Қымызкенова баяндады.
– Ауру малды сойғанда, етін бөлшектегенде, еті мен сүтін пайдаланғанда күйдіргі қоздырғышы адамға жұғуы мүмкін. Тері арқылы жұққанда қоздырғыш денеге енген жерде (бет, мойын, қол) қызыл түсті дақ пайда болып, жараға айналады. Науқастың жағдайы нашарлап, дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Басы ауырып, тәбеті болмайды, лоқсып құсады, – деп түсіндірді Сандуғаш Қымызкенова. – Сібір күйдіргісінің терілік, септикалық, өкпе және ішек түрлері болады. Соның ішінде тері арқылы жұғу жиі кездеседі.
Басқарма маманының айтуынша, ауру малдың еті, оған пайдаланылған жем-шөп өртелуі тиіс. Содан соң дезинфекция шаралары жасалады. Екібастұз аймағында күйдіргі тәуекелі бар 7 стационарлық пункт бар, оларды барлығы картада белгіленіп қоршалған. Мұндай орындарға жайылатын малды жақындатпау маңызды. Сондай-ақ, жерасты су көздерін ашатын, құдық қазатын жағдайларда, жаңа нысандарды салатын кезде күйдіргі көмінділерінің болу-болмауы жөніндегі ақпараттар ескерілуі тиіс.
Жыл сайын сібір күйдіргісіне қарсы жоспарлы профилактикалық екпелер жасалады. Мұндай екпені санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, денсаулық сақтау, ветеринария салаларында және зертханаларда жұмыс істейтін, сібір күйдіргісі ошағында және соның қоздырғышымен немесе соған күдікті материалмен жұмыс істейтін, сынама алып, сібір күйдіргісінің қоздырғышының бар-жоғын зерттейтін органдарда жұмыс істейтін азаматтар салғызады. Сондай-ақ, ет өңдеу орындарында жұмыс істейтін қасапшылар, етті сою, жинау, сақтау, тасымал, сатумен айналысатындар да екпе алуы тиіс.
Айта кетейік, аталған аурудың малдан адамға жұғуы Екібастұз өңірінде тіркелген жоқ. Дегенмен сақтық шаралары артық болмайды. 2025 жылдың он айында 10 адамға екпе егілген. Тағы 95 адамға күйдіргіге қарсы ревакцинация салынған. Бұдан басқа да профилактикалық шаралар жасалуда.
– Қатерлі ауруды жұқтырмау үшін сүт, ет өнімдерін ветеринарлық анықтамасы жоқ сатушылардан алмаңыздар. Тағамға тек жақсылап термиялық өңдеуден мұқият өткен ет өнімін қолдану керек. Үй шаруашылығындағы малдарды Сібір күйдіргісіне қарсы егу керек. Ауруға шалдыққан жануармен немесе адаммен байланыста болғандар екі апта бойы дәрігердің жіті бақылауында болады, – деп ескертті С.Қымызкенова.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ







