17 қарашада қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтіп, қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева Екібастұз өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуы туралы хабарлама жасады.
Осыдан бес жыл бұрын бекітілген кешенді жоспарға әуелгіде 114 шара енгізілген еді. 2021-2024 жылдар ішінде 60 іс-шара орындалып, бақылаудан алыныпты. 2025 жылы 54 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған екен, соның 19-ы орындалыпты. Бірқатарын айтар болсақ, жыл сайын 20 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу, суармалы жер көлемін ұлғайту, екі мал бордақылау алаңын салу, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 130 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, 20 мектепке күрделі жөндеу жасау, сумен жабдықтау желілерін реконструкциялау, көпқабатты тұрғын үйлерді модернизациялау, жыл сайын 4200 түп ағаш пен бұта отырғызу және тағы- тағылары.
Баяндамашы Салтанат Қойшыбайқызының сөзіне қарағанда, тағы 11 іс-шара жыл соңына дейін жүзеге асырылады деген сенім бар. Мәселен, Екібастұз қаласының дизайн кодын әзірлеу, жылыжай кешенін кеңейту, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, Солнеч-
ный кентінде өрт депосын салу сияқты жоспарлы шаралар аяғына жеткізіледі. Сонымен қатар, кешенді даму жоспарында көрсетілген мерзімде аяқталмай қалған 9 іс-шара өңірді дамыту жоспары мен облыстық инвестициялық жоспарға енгізілген екен. Мәселен, үш ферроқорытпа зауытының құрылысы қарқынды жүргізіліп, алды пайдалануға беріліп жатыр. Десек те кешенді даму жоспарына енгізілген 5 іс-шара орындалмаған. Ал жеті іс-шара тәуекел тобында тұр. Оның ішінде Екібастұзда көмір химиясы мен көмір өнеркәсібінің ғылыми-зерттеу орталығын құру, өндірістік қуаты тәулігіне 2000 тонна болатын ет өңдеу комбинатын модернизациялау, Мұз сарайы құрылысы, су тазарту имаратының №1 және №2 сорғы станцияларын реконструкциялау тәрізді шаралар қаржыландыру болмағандықтан қолға алынбай тұр.
Хабарлама тыңдалған соң депутаттар Арман Амургалинов, Жетпісбай Жакупов, Мәриям Маликова баяндамашыға сұрақтар қойып, кейбір іс-шаралардың шала-шарпы орындалғанын айтып, нәтижелеріне күмән келтірді. Әйтсе де біраз талқылап, жағдайға қаныққан соң, Салтанат Қорабаеваның кешенді даму жоспарының орындалуы туралы есебі назарға алынсын деген ұйғарымға келді.
Тұрақты комиссиялардың біріккен отырысында халық қалаулылары «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС-і бас директоры
М. Данияровтың Екібастұз ферроқорытпа зауытының өнімдерін контейнерлерге тиеп жөнелту үшін 8Н, 10Н параграфтары бойынша «Екібастұз-Северный» теміржол станциясын ашуға өкілетті биліктің келісімін сұраған хатын қарады. «Бақсақ, бақа екен» демекші, мұндай хатты өкілетті билікке зауыт басшылығы емес, жүк тасымалымен шұғылданатын теміржол станциясы басшылығы жазуы тиіс екен. Өйткені «Екібастұз-Северный» теміржол станциясының зауыт өнімін контейнерлермен тасымалдауға күш-қуаты жеткілікті ме, жоқ па – ол жағы беймәлім. Сол себепті мәселені қарау кейінге шегерілді.
Ж.Сәдуақас






