18 қараша күні «Екібастұз жылу тораптары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тариф мәселесіне қатысты жария тыңдау болды. Аталмыш кәсіпорынның бас директорының міндетін атқарушы Евгений Банченко баяндама жасап, жылу энергиясын жеткізу, бөлу және сату тарифін өсіруге неліктен өтінім жасалғанын тәптіштеп түсіндірді.
Тарифті өсіруге түрткі болып отырған себептер бәз-баяғыдай, нақтырақ айтқанда, биылғы жылы Екібастұз жылу-электр орталығынан сатып алатын жылу энергиясы құны 12 пайызға, технологиялық мақсаттағы су құны – 57 пайызға, электр энергиясы 19 пайызға қымбаттап кетіпті. Оған қоса, жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті жабдықтар бағасы де біршама өсіпті. Сонымен қатар, кәсіпорын 2026 жылы көпқабатты үйлерде 169 есептеу құралын орнатпақшы екен. Бұл үшін де едәуір қаржы керек. Тағы бір мәселе – кәсіпорында кадр тапшылығы орын алып тұр. Штат бойынша 355 адам жұмыс істеуге тиіс болса, істеп жүргені – 267 адам. Әсіресе, газэлектрдәнекерлеушілер, слесарьлар, бақылаушылар жетіспейді. Өйткені айлықтары төмен.
Сол себепті жалақы қорын 883 миллион теңгеден 1586 миллион теңгеге дейін көтеру қажет болып тұр екен. Ал 2026 жылы жөндеу жұмыстарына 1619 миллион теңге қарастырылып отыр. Қысқасы, Евгений Банченконың айтуынша, 2025 жылға бекітілген тариф мерзімі 31 желтоқсанда аяқталады әрі осы тариф ары қарай қолданылса кәсіпорын шығынға батып, жоспарланған іс-шараларды іске асыру мүмкін болмайды. Сол себепті «Екібастұз жылу тораптары» ЖШС өкілетті орган – ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне тарифті өсіруге өтінім жасап отыр.
Енді ұсынылып отырған тариф туралы сөз қозғайық. Қазір қолданылып жүрген тариф бойынша жылу энергиясын өндіру, тарату және сату қызметтері – 15175 теңге/Гкал құраса, жаңа тариф 19826 теңге/Гкал шегінде болмақшы. Яғни, тариф 30,5 пайызға өседі. Алайда жылуды тұтынушылар санаттары үшін сараланған тарифтер қолданылатыны белгілі. Мұндайда негізгі салмақ бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғаларға түседі де, тұрғындар үшін тариф шамамен 12-14 пайызға көтеріледі. Мәселен, шаршы алаңы 52,4 метр 2 бөлмелі пәтер үшін иелері бұған дейін 7615 теңге төлеп жүрсе, жаңа тариф бекітілсе, қосымша құн салығын қоспағанда 8597 теңге төлейтін болады.
Жалпы, тарифтер туралы әңгімеге, бұрынғыдай емес, бұқара көп араласпайды. Өйткені сараланған тариф жай тұтынушылар үшін жеңілдікті көздейді. Есесіне тарифті өсіру кәсіпкерлердің шымбайына батып тұр. Жария тыңдауға қатысқан қоғамдық бақылаушылар, негізінен кәсіпкерлер кезек-кезек сөз алып, әжептәуір пікірталас жүргізді. Екі тараптың арасындағы сөз қағысына жария тыңдауға қатысқан Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Камила Байғожанова басу айтып, сабырға шақырды.
– Коммуналдық қызметтер тарифтерін өсіруге мемлекет басшысы 2026 жылдың бірінші тоқсанының аяғына дейін мораторий жариялады емес пе. «Екібастұз жылу тораптары» кәсіпорны өтінімінің қаншалықты негізді екенін департамент қарап, тариф бекітеді. Ол тариф 2026 жылдың бірінші тоқсанынан кейін ғана қолданысқа енгізілуі ықтимал. Ал әзірге кәсіпорын қазіргі қолданылып жүрген тарифпен қызмет көрсетеді, – деп, Камила Бекенқызы жария тыңдаудың нүктесін қойды.
Ендеше, әліптің артын баққан жөн болар. Алда не күтіп тұрғанын болжау қиын ғой.
Ж.Жәлелұлы






