14 қараша күні Астанада ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің II форумы өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен осы салада еңбек етіп жүрген 2000 адам қатысты.
Олардың қатарында Екібастұз өңірінен Екібастұз қаласы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі Сансызбай Төлеубаев, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Жасұлан Сәдуақасов, «ЭМПК» ЖШС басқарушысы Жақсыбек Ахметов, «Береке фирмасы» ЖШС директоры Жетпісбай Жакупов, «Ақши» шаруа қожалығының иесі Бекболат Идирисов, «Мейрамбек» шаруа қожалығының басшысы Серік Завкенов, «Айдар» шаруа қожалығының механизаторы Қуандық Қайыржанов, «Балтабай» шаруа қожалығының басшысы Гайса Әлдебеков, «Әшім» шаруа қожалығының механизаторы Саят Арымбеков болды.
– Форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, экономиканың стратегиялық айрықша мәні бар саласын дамытудың басым бағыттары туралы сөз сөйледі, – дейді форумға қатысқан Жетпісбай Жакупов әңгімесінде.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне алдағы уақытта мал шаруашылығын дамыту, мемлекетке қайтарылған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу, жер телімдерін электрондық конкурс арқылы беру, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу, суды тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру, өнімді терең өңдеу және халықаралық нарыққа шығару, салаға жеке инвестиция тарту сияқты маңызды іс-шараларды жүзеге асыру міндеттерін жүктепті.
Форумда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқан еңбеккерлерді марапаттапты. Соның ішінде 9 адамға алғаш рет «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы, ал Ақтөбе облысының азаматы Аманғос Төлеуовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліпті.
Ж.Бұланбай







