Абу-Дабиде 12–22 қараша аралығында джиу-джитсудан өтіп жатқан әлем чемпионатында екібастұздық жас спортшы, 8 жасар Қайсар Берік топ жарып (жаттықтырушысы – Самат Қонаев), алтыннан алқа тақты. 15 қараша күні өткен додада ол өзінің жас және салмақ дәрежесінде қарсыластарына дес бермей, әлем чемпионы атанды.
Қайсар Берік – №18 мектептің 3-сынып оқушысы. Ол «Sam Team» спорт клубында жаттығады. Спортқа деген қызығушылығы бала кезден басталған: ата-анасы Қайсарды төрт жасында джиу-джитсуға берген. Сол уақыттан бері жас спортшы талай биікті бағындырып келеді. Ол бұған дейін EURASIAN JIU-JITSU кубогінде, Қырғызстан мен Өзбекстанда өткен халықаралық жарыстарда өзін танытқан болатын.
– Бұл – оның жетістіктерінің бір бөлігі ғана, – дейді әпкесі Аяулым Асхатқызы. – Қайсардың ММА бойынша да чемпиондық белбеуі бар. Сонымен қатар еркін күрес, дзюдодан да жүлделі орындар алып жүр.
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Қайсар спортпен ғана шектелмейді. Ол домбыра үйірмесіне қатысады, оқу үздігі болуға да талпынады. Әсіресе ағылшын тілі мен математика сабақтарын ерекше жақсы көреді.
Жас чемпионның алда алатын талай асуы бар екені сөзсіз. Талантты да еңбекқор Қайсар Беріктің жаңа жеңістерге жете беруіне тілектеспіз.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ







