6 қараша күні «Қайнар» балалардың бос уақытын қамту кешенінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жыныстық тәрбие беру тақырыбында педагогикалық Open Space форматындағы ашық алаң өтті. Шара «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» және «Кедергісіз болашақ» партиялық жобалары аясында ұйымдастырылды.
Кездесуді партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мариям Мәлікова мен Екібастұз қаласы білім бөлімінің орта және мектепке дейінгі білім беру секторының меңгерушісі Сұлушаш Ибраева ашты. Шараның модераторлары: Татьяна Шмидт пен Сәуле Телегенова мұндай кездесулердің қоғам үшін маңыздылығын атап өтті:
— Бұл жоба ерекше білімді қажет ететін балалардың қажеттіліктерін ескеріп, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Біз мұндай шараларды тұрақты өткізіп, тәжірибе алмасуды жалғастырамыз, — деді.
Шараға қала мектептерінің педагогтары, дефектологтар, психологтар, медицина қызметкерлері мен ата-аналар қатысты. Олардың қатарында балалар психиатры Жұлдыз Нұрғалиева, №18 мектептің педагог-психологы Сәуле Телегенова, №6 мектептің дефектолог мұғалімі Ольга Криворучка, №10 мектептің педагог-ассистенті Әсел Зайнишева және білім саласының өкілдері болды.
Кездесу тәжірибе алмасу мен пікірталас форматында өтті. Қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, «Қызыл және жасыл аймақ» атты ойын түріндегі тәжірибелік тапсырманы орындады. Бұл жаттығу арқылы педагогтар мен ата-аналар балалардың жеке кеңістікті сезіну қабілетін дамыту жолдарын талдап, түрлі өмірлік жағдайларға байланысты шешім ұсынды. Сонымен қатар, жеке кеңістік пен шекара ұғымы, жеке гигиена, келісім мен өзін құрметтеу мәдениеті, сондай-ақ, ерекше балалардың психологиялық және физиологиялық даму ерекшеліктері кеңінен талқыланды.
Балалар психиатры Жұлдыз Нұрғалиева менталдық дамуында ерекшелігі бар балалардың жыныстық жетілу кезеңіндегі мінез-құлық өзгерістері жөнінде түсіндіріп:
— Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жыныстық тәрбие – қауіпсіздікті сақтаудың басты жолы. Баланың өз денесін тануы мен жеке кеңістігін қорғауы – ересектердің қолдауымен қалыптасатын маңызды дағды, — деді.
Сондай-ақ, №18 мектептің педагог-психологы Сәуле Телегенова жасөспірімдермен эмоциялар мен жеке шекара туралы сөйлесудің тәсілдеріне тоқталса, №6 мектептің дефектолог мұғалімі Ольга Криворучка күрделі тақырыптарды визуалды құралдар мен ойын әдістері арқылы түсіндірудің тиімділігін атап өтті.
Шара соңында ата-аналарға арналған әдістемелік материалдар ұсынылды. Олардың қатарында «Балаға дене туралы қалай айтуға болады?», «Ерекше балаларға арналған ата-аналар жаднамасы» сынды нұсқаулықтар бар. Бұл құралдар ата-аналарға нәзік тақырыптарды баламен ашық, түсінікті және сенімді түрде талқылауға көмектеседі. Инклюзивті білім беруді дамыту – тұтас қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан осындай ашық алаңдар ерекше балаларға қолдау көрсетіп, өзара сыйластық пен түсіністік мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.
Ділназ Серікбай








