Сөздің мағынасын терең түсінетін адам үшін мәнді өлең жолдары рухани азық іспетті. Ал өлең сөзі мен әуен үйлесіп тандем құрса, оның әсері арта түсіп, көркемдік құндылығы одан әрі жоғарылайтыны сөзсіз. «Атамұра» мәдениет орталығы сыршыл өлеңдеріне әуен қонған ақындардың басын қосып, «Самғау» орталығында керемет кеш өткізді.
Бұл күні жырсүйер қауым «Самғау» БШО залына жиналып, жергілікті ақындардың шығармашылығын тамашалауға асықты. Аталған әдеби шара, яғни, «Жырларына әуен қонған ақындар» деген жыр кеші жобасын 2015 жылы Жұмағали Қоғабаев ағамыз «Атамұра» мәдениет орталығына ұсыныпты. Орталықтың сол кездегі әдіскері, ақын Алмагүл Жүгінісова жобаны жүзеге асырып, ақындардың шығармашылығын насихаттауды бастап берген екен.
– «Жырларына әуен қонған ақындар» — тек өлең ғана емес, сол өлеңге қанат бітірген саз туралы сыр. Мұнда сөз – сезім, ән – әуен, жүрек – үн. Мұнда шабыт пен шындық бар. Олай болса, сөзімен әннің өзегіне айналған ақындарымызға арналған сазды кешке қош келдіңіздер! – деген жүргізуші – ақын-аудармашы Айбек Оралхан өлеңмен өрнек салған кеш қонақтарын көрерменге таныстыра отырып, сахна төріне оздырды.
Сонымен Жұмағали Қоғабаев, Жассерік Сәдуақасов, Гүлбаршын Сейітова, Сайлау Байбосын, Жанаргүл Қадырова, Гүлсана Медеубай, Самал Сәрсенбекова, Ерболат Әміре көптің қолпаштауымен төрге шығып, өлеңдерін оқыды.
Келесі кезекте ақындар жүргізуші мен көрермен тарапынан қойылған «Өлеңді кім үшін жазасыз?», «Шабыт қашан келеді?», «Ақындық туа біткен қасиет пе әлде үйренуге болатын өнер ме?» деген сипаттағы сұрақтарға жауап берді.
Бұдан әрі өлеңге жазылған әуезді әндерге кезек берілді. Жанаргүл Қадырованың өлеңіне жазылған А.Дүйсеновтің «Жасай бер, бауырым!» әнін Гүлмира Алданова, «Жауып тұр жауын» әнін (Әні Әкім Ысқақтікі) Алтынгүл Бақытхан орындаса, Жұмағали Қоғабаевтың «Бақыт» және «Кел деші» өлеңдеріне жазылған әнді «Дарын» триосы көрермен жүрегіне жеткізе білді. Сайлау Байбосынның өлеңіне жазылған «Ерейменнің аруын» Зәмзәгүл мен Бақытгүл Болатқыздары домбырамен қос дауыста орындады. Гүлбаршын Сейітова «Анашым» әнін өзі айтса, оның «Балалықты аңсау» әнін Балнұр Сапарғалиева мен Мәдина Арқалық қосыла шырқады. Жассерік Сәдуақасовтың «Ауылым – аңсарым» әнін – Жомарт Қабыкенов, «Көкбөрі көкпар» әнін Дархан Илеубаев нәшіне келтіре айтып берді. Осыдан кейін «Мұрагер» халықтық аспапты ансамблі аяулы ақын қыз Алмагүл Жүгінісованың «Атамұра – әнім» деп аталған туындысын орындады.
Кеш соңында тағы бір мәрте сөз кезегін алған ақындар тұшымды сөз, түйінді ойларын айтты. Шараны қорытындылаған «Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Төлеубаева қонақтарға сый-сияпат таратып, кешті әуезді әнге бөлеген өнерпаздарға алғыс хат табыстады.
Ақын жүрегінен туған өлеңге сазгер әуен қондырып, оны ел жүрегіне жеткізді. Осындай рухани сабақтастыққа куә болған көрермен үшін бұл поэзия мен ән кеші ғана емес, жүректен төгілген сырдың, елге деген махаббаттың, өнерге деген адалдықтың көрінісіндей болды. Өз кезегімізде сөз өнерін биікке көтеріп, әдемі кеш ұйымдастырған мәдениет орталығының басшысы Нұрсұлу Еркебайқызы бастаған өнерпаздарға зор алғыс айтамыз.
Кенже ҚУАТ








