Жайлы тұрмысқа әбден бой үйреткен қалалықтар, яғни, біздер үшін баспанамыздың әрдайым жылы болуы, шүмектен ыстық-суық судың сарқырап ағып тұруы үйреншікті жайтқа айналған. Сол игіліктермен бізді үздіксіз қамтамасыз ету жолында коммуналдық кәсіпорындардың қаншама жұмыскері күндіз-түні дамыл таппай еңбек етіп жүргенін жайшылықта қаперге ала бермесек те, қысылтаяң жағдай туса, соларға жүгінеміз.
Адам өңменінен өтіп, діріл қақтырған қарашаның ызғырық желіне қарамастан, «Горводоканал» кәсіпорнының апат салдарын жою бригадасы қызу жұмысқа кірісіп кетті. 1-Южный шолақ көшесіндегі №3 жекеменшік үйдің қоршауының іргесімен тартылған құбыр тесілген екен. Слесарь жігіттер әлгі тұстағы қаптаманы шешіп алды да, газдәнекерлеуші Молдаш Боранбаев жарылған құбырды кесіп тастап, жаңа құбырды жалғады. Сырт көзге бәрі оңай көрінгенімен, бұл жұмыс кәсіби шеберлікті қажет етеді. Бұл жағынан дәнекерлеуші Молдаш Мырзатайұлының іскерлігіне мін таға алмайсың. Учаске бастығы Нұрболат Оразалинов та, бригада мүшелері де дәнекерлеушінің тиянақтылығына сенеді.
– «Горводоканал» кәсіпорнында жұмыс істеп жүргелі екі жыл болды. Оған дейін Астана, Қарағанды қалаларында дәнекерлеуші болып тәжірибе жинадым. Мамандығым өзіме ұнайды. Бала күнімнен темір-терсектен түрлі бұйымдар жасауға әуес едім. Қазіргі уақытта 6-шы разрядты дәнекерлеушімін. Коммуналдық кәсіпорында еңбек ететін адам уақытпен санаспай жұмыс істеуге дағдылануы тиіс. Тәулігіне бірнеше өтінім түседі, соның бәрін тындырмай жұмысты аяқтауға болмайды. Тіптен, қажеттілік туындаса, сенбі, жексенбі күндері де жұмысқа шығамыз, – деп ақкөңіл азамат Молдаш Боранбаев ақтарыла сөйлеп, кәсіпорынның өз жұмыскерлеріне мейлінше жағдай жасап отырғанын да атап өтті.
Оның айтуынша, еңбекақысына көңілі толады, арнайы киім-кешек, құрал-жарақ беріледі, ең бастысы – ұжымдағы аура жақсы.
– Мұндағы жігіттердің бәрі еңбекқор. Жаздың ыстығына, қыстың аязына төзімді. Табиғат дүлей мінез танытса да, өздеріне жүктелген міндетті адал атқаруға әрдайым әзір. Бригадиріміз – Дүйсен Серіков, бригада мүшелері: Қанат аға, Ораз сияқты жігіттер – білікті мамандар. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жұмысты еңсеріп жүрміз, – деген Молдаш дәнекерлеуші өзінің жеке өмірі, отбасы жайлы да сыр шертті.
Ордабұзар отыз жастан асқан жігіт Жетісу облысы Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында туып-өсіпті. Отбасындағы 5 баланың кенжесі екен. Осыдан екі жыл бұрын «Оңтүстіктен-солтүстікке» көші-қон бағдарламасына қатысып, Екібастұз қаласына көшіп келіпті.
– Мемлекет тарапынан қарастырылған көмектің бәрі жасалды. Екі бөлмелі пәтер сатып алдым. Келіншегім Мөлдір сұлулық салонында еңбек етеді. Айсұлтан, Айару атты екі перзентіміз балабақшаға барып жүр. Екібастұз қаласына да, өзімнің еңбек ұжымыма да әбден бауыр басып қалдым, – деген Молдаш Боранбаевтың сөзінен азаматтың әлі де «Горводоканал» кәсіпорнында еңбек етуді қалайтынын аңғардық.
Айтпақшы, ақжарқын мінезді Молдаштың әңгіме үстінде тағы бір қыры ашылды. Ол шебер дәнекерлеуші ғана емес, бармағынан бал тамған аспаз да екен. Жұмыстан кейін кешқұрым жерлес ағайынының дәмханасында палау басып, кәуап әзірлеп, дәм татушылар алғысына бөленіп жүрген көрінеді.
Халқымыз: «Жігітке жеті өнер де аз» демей ме, осы өлшем тұрғысынан қарағанда Молдаш Боранбаев өзі сияқты жастарға үлгі болар азамат екен. Жұмысым ауыр деп мойымай, әркез жарқылдап жүріп жұртқа жақсылық жасауға әзір тұратын мұндай жұмысшы жігіттердің қадірін біліп, еңбегін бағалау да қоғам мен мемлекет міндеті екенін ұмытпайық ендеше.
Ж.Жәлелұлы







