Мемлекет басшысының биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы бекерден бекер еместігін өмірдің өзі көрсетіп отыр емес пе. Журналист ретінде қызмет бабымен көптеген кәсіпорын басшыларымен осы мәселе төңірегінде пікірлескенде, «білікті мамандар тапшы» дегенді жиі естиміз. Расында да, жұмысшы мамандығының ыстық-суығына төзе білген аға буын қатары сиреген сайын кадр тапшылығы күрмеуі шешілмеген күрделі проблемаға айналып тұр. Оның түйінін тарқату үшін жұмысшы мамандығын жүрек қалуымен таңдаған, кәсібін мақтан ететін жастарды басшылардың бағалап, ынталандыра білгені жөн.
«Горводоканал» кәсіпорнында аға буынмен тізе қосып тер төгіп жүрген жастар баршылық. Кәсіпорын директоры Ләззат Бекбергенованың сілтеуімен жас маман – газдәнекерлеуші Мақсат Таңатовқа жолығудың сәті түсті.
Екібастұз қаласындағы №17 мектепті бітірген соң газдәнекерлеуші мамандығын меңгерген ол 5 жылдан бері шаһарды сумен қамтамасыз етуші кәсіпорында еңбек етіп жүр. Біз барғанда ол апат салдарын жою бригадасы құрамындағы жігіттермен бірге құбыр ауыстырып жатыр екен.
– Учаске бастығы берген тапсырманы тиянақты орындауға тырысамыз. Егер құбыр жарылса, оны жедел ауыстыру қажет. Әйтпесе, тұтынушылар судан қарап қалады да, реніш туады. Шамамыз жеткенше мұндай жағдайды болдырмауға ұмтыламыз. Слесарь Арыстан Тәуірбаев, кесуші Руслан Жұмабаев сияқты әріптестерімнің әрқайсысы – өз кәсібінің шеберлері. Адал еңбегіміз басшылық тарапынан бағаланып, тұтынушылар ризашылық білдірсе, көңіліміз өсіп, жұмысқа ынтамыз да арта түседі, – дейді әңгімесінде Мақсат Талғатұлы.
Жиырма бес жастағы тепсе темір үзетін жігіттің еңбекқорлығы сезіліп тұр. Мінезі де жайдары екен, соған қарағанда сын сағатта моймайтын азамат. Ісі мен сөзі қабысқан, арасында алшақтық жоқ осындай жалындаған жас мамандар кәсіпорынның тірегі һәм келешегі десек болады.
Ж.Бұланбай







