Бір кездегідей емес, қазіргі уақытта талаптанған адамға жұмыс табылып тұр. Мәселенің оңтайлы шешілуіне Өңірлік жұмыспен қамту картасының пайдасы тигенін де айта кету ләзім. Соның аясында еңбекпен қамту, жұмыс орындарын субсидиялау, кәсіптік оқыту сияқты шаралар жүзеге асырылып, өз нәтижесін беріп отыр. 11 қараша күні өткен қала әкімінің аппараттық кеңесінде бұл туралы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева баяндап берді.
Жыл басынан бері инфрақұрылымдық жобалар бойынша 337 адам жұмысқа орналасып, көрсеткіш 138 пайызға жетіпті. Субсидияланатын жұмыс орындарына 980 адам жіберілген. Жоспар 946 адам екен. Тарқата айтсақ, әлеуметтік жұмыс орындары – 216, қоғамдық жұмыстар – 295, «Күміс жас» – 154, алғашқы жұмыс орны – 86, жастар практикасы – 226, ұрпақтар келісімшарты – 3. Атап өтерлік жайт, осы бағдарламалардың бәрі бойынша көрсеткіш 100 пайыздан асыра орындалған екен.
Енді 10 мың адамға шаққанда 100 жұмыс орнын құру индикаторы туралы айтар болсақ, ол 101 пайызға орындалып, 1773 адам жұмыспен қамтылыпты. Ал бос жұмыс орындарына 2342 адам жұмысқа орналастырылған. Жоспар – 1800 адам.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына 400 АЕК көлемінде грант беру де 100 пайыз орындалып, 65 адам грант иеленіпті. Еңбек ресурстарының ұтқырлығы индикаторын орындау 139 пайызды құрап отыр. Осылайша, биылғы жылы Екібастұз өңіріне 92 қандас отбасы, соның ішінде 19 отбасы ауылдарға қоныстанған. «Оңтүстіктен – солтүстікке» ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша 45 отбасы қоныс аударған. Қандастар мен қоныс аударушыларға толық көлемде субсидиялар төленіп, 13 отбасына тұрғын үй шығындарын өтеу субсидиясы төленіпті. Баспана сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификатын қоныс аударған 7 отбасы және қандастар ішінен 36 отбасы алған екен. Зейнеп Опабекқызының айтуынша, тағы 5 отбасыға квота беру ісі өңірлік комиссияның қарауына тапсырылыпты.
Айтпақшы, өңірлік картада белгіленген индикаторларды орындауда Екібастұз қаласы облыс көлемінде көш бастап тұр екен. Әрине, бұл – халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің тыңғылықты іс-әрекетінің жемісі. Сондықтан да болар, қала басшысы Аян Уахитұлы бөлім қызметкерлері атына мақтау айтып, қол жеткізген биіктен төмендемей, жылды осындай жақсы көрсеткіштермен аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, қала басшысы көші-қонды ауылдық аймаққа бұру тиімді боларын тілге тиек етіп, бұл орайда бірқатар іс-шараларды қолға алу облыс басшылығымен келісілгенін жеткізді. Мәселен, шаруа қожалықтары ауылдарда тұрғын үйлер салса, оның құнының жартысы бюджеттен төленбекші. Ол үйлерге қоныс аударушыларды қоныстандырып, жұмыс күшіне тапшылық проблемасын шешуге болады. Сондай-ақ, мұндай игілікті іс ауыл тұрғындары санының кемімеуіне де сеп болар еді.
Ж.Сәдуақас






