Қыс келсе, жылу жайын ойлап, отыныңды қамдайсың. Ауыл-ауылға жүк машиналары қорап-қорап көмір тасып жатқанын көресің. Қала сыртында вагондар да қара алтынды тиеп алып, жан-жаққа жүйткіп бара жатады. Біз, қала тұрғындары, көмір іздеп әбігерге түспейміз, бар болғаны жылу ақысын төлейміз. Ал бұл жылу бізге жеткенше талай сатыдан өтіп, алаңсыз тұрмысымыз үшін сан жұмысшы тер төгіп жатқаны хақында ойлана бермейміз. Сондай жұмысшылардың бірі – «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ құрамындағы «Шығыс» кеніші технологиялық кешен учаскесінің конвейер машинисі Руслан Жапаров.
Руслан Әлімжанұлы «Шығыс» кенішінде 2012 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бастапқыда қойма шаруашылығы учаскесінде стропальщик болып жұмыс істеді. 2014 жылдан бері технологиялық кешен учаскесінде: кенішке жұмысқа кіргеніне 13 жыл болса, соның 11 жылы осы учаскеде өтіп келеді.
Русланның қызметтік міндеті – циклді-ағынды аршу кешенінің жұмысын қамтамасыз ету. Қарапайым тілмен айтсақ, роторлы техника өндіргеннен кейін көтергіш конвейер арқылы келіп түскен өнімді жылжымалы лентамен қоймаға қаттауға жеткізу. Руслан мен оның әріптестері осы үдерісті қадағалап, жабдықтарға қызмет көрсетеді және тасымал процесінің үзілмеуі үшін тер төгеді.
Жұмыс күні конвейер жабдықтарының жұмысқа дайындығын, яғни, техниканың пайдалану нұсқаулығына сәйкестігін тексеруден басталады. Жұмысшының еңбек қауіпсіздігі, сондай-ақ, жұмыс орнының еңбек және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуы да естен шығаруға болмайтын маңызды мәселе. Тиісті ақпаратты тапсыру-қабылдау журналына жазу жұмысы бар. Осының бәрі қап-қара шаң-тозаңның ортасында өтеді.
Конвейер, әрине, екінің бірі рөліне отыра беретін жеңіл көлік, тіпті трактор да емес. Оған арнайы білім керек. Техникалық сипаттамасын, пайдалану талаптарын, аспаптар көрсеткішінің мәнін толығымен білуің қажет. Он жылдан аса уақыт Руслан осы міндетті тиянақты атқарып келеді. Кәсібіне адалдығы мен ұжымындағы татулық, бірлікті арттыруға қосып жүрген үлесі үшін «Еуразиялық Топ» ЖШС басшылығы тарапынан алған алғыс хаты да бар.
Русланның бір қыры – ол кеніштің қоғамдық жұмыстарынан сырт қалған емес. Жыл сайын қалалық Наурыз мейрамында кеніштің киіз үйі маңындағы мерекелік шаралардың бел ортасында жүреді. Биылғы Наурызда да Руслан түнгі ауысымнан шыққанына қарамастан қазақы шапан, түлкі тымағын киіп, мереке көрігін қыздырды. Ол киіз үй ауласындағы ұйымдастыру жұмыстарына қол ұшын беріп қана қоймай, кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған асық ату сайысында 35 жастан асқан жұмысшылар арасында 1-орынды жеңіп алды.
Руслан өз ұжымын ғана емес, көрші-қолаңын да игі істерге ұйыстыра біледі. Жыл сайын оның бастамасымен Мәшһүр Жүсіп, 37 «Г» үйдің ауласына қазақы орда тігіліп, самауыр қойылып, қазан көтеріледі. Бұл киіз үйде көршілер Наурыз мейрамында ғана емес, Рамазан айында да мәре-сәре болып жиылып, ауызашар беріседі. Шаралардан балалар да қалыс қалмай, түрлі ойындар ойнайды. Оларға өнеге көрсетіп, Русланның өзі бас болып асық атуды үйретеді. Биыл Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған тұрғындар арасындағы асық жарысында да Руслан Әлімжанұлы 1-орынға ие болған. Айтпақшы, қазан айында Астана қаласында «Qazaqmetal kasipodagy» қазақстандық тау-кен металлургия салалық кәсіподағы өткізген «Еңбек атлеті – 2025» сайысынан Руслан «Сұрмерген ойыншы» номинациясымен оралды.
Руслан – көпбалалы әке. Биыл Білім-инновация лицейін бітірген тұңғышы – Әділ ІТ мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, Астанада білім алып жатыр. Отағасы көмір қазып, отбасын асырау қамымен жүргенде, жары – Гүлмира үйде бала тәрбиесімен айналысуда. Бұл отбасы «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ құрамындағы «Шығыс» кенішінің тұрғын үй бағдарламасының игілігін көріп, балалары үш бөлмелі баспанада асыр салып өсіп келеді. Бұл орайда жұмысшыларына жағдай жасай білген кәсіпорынға, әрине, риза боласың.
Перзенттерінің бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, туған жер қадірін, үлкенді сыйлауды ұғындыруға тырысып жүрген Руслан арғы атасы – Түркістанда жерленген Мырзағұл батырдың басына барып зиярат етуге ниеттеніп жүргенін айтты. Арғы бабасы ел мен жерді жаудан қорғаса, бергі аталары да осал емес: әрқайсысы еңбек батыры деуге тұрарлық. Өз атасы – Бадаш Жапаров Баянауыл топырағында шопан таяғын ұстап, мал шаруашылығындағы адал еңбегімен аты шықса, оның әкесі Жапар да өз заманының атақты қойшысы болған. «Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов атам Жапардың шаңырағында болып, дәм татып, атам мен әжем туралы өзінің «Алыстағы ауданда» атты очеркінде жазып кеткен», – дейді Руслан.
Дәл қазір Руслан Әлімжанұлы алай-түлей желмен ұйытқыған шаң астында жүр: көмір тозаңынан жүзі көрінбейді. Ал біз Руслан сияқты жанкешті жұмысшылар қазып жеткізген көмірдің арқасында «Жылы үйде жұт жоқ», – деп ыстық шайдан ұрттап қойып, алаңсыз отырмыз…
Жанаргүл ҚАДЫРОВА






