8 қараша күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында Қазақстан халқы ассамблеясы мен Павлодар облыстық «Халкъан Барт» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің 30 жылдығына арналған салтанатты мерекелік кеш өтті. «Ұлы даланың қаһарман ұлдары» деп аталған бұл айтулы шара көпұлтты Қазақстанның мәдени байлығы мен рухани тұтастығын айшықтаған маңызды мереке болды.
Мерекелік кешке Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Қалқаман кентінен келген шешен және ингуш этносының өкілдері, сондай-ақ, жергілікті тұрғындар мен түрлі этномәдени бірлестіктердің мүшелері жиналды. Кештің шымылдығы «Достық» хореографиялық ансамблінің орындауындағы қазақтың әсем биімен түріліп, көрермендерді бірден мерекелік көңіл күйге бөледі.
Сахна төріне көтерілген Павлодар облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шамиль Джабраилов жиналған қауымды құттықтап, ұйымның отыз жылдық тарихына кеңінен тоқталды.
– Павлодар облыстық «Халкъан Барт» бірлестігі 1995 жылы құрылып, алғашқы жетекшісі Мухарбек Эльмурзиев болды. 2003 жылдан бастап орталықты Гилани Матиев басқарған кезеңде бірлестік жұмысына тың серпін берілді. Кейін Абдурашид Абубакаров төрағалық етсе, 2020 жылдан бері ұйымды Микаил Аушев басқарып келеді. Бірлестіктің басты мақсаты – жас ұрпақты өз халқының үздік дәстүрлерімен тәрбиелеу. Біз, түрлі ұлт өкілдері, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықпыз. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша шешен-ингуш қауымдастығында бес мыңнан астам мүше бар. Мұндай мәдени шаралар достығымызды бекемдеп, бауырмалдықты арттырады, – деді ол өз сөзінде.
Мерекелік кеш бойы сахна төрінде ұлттық әндер шырқалып, халықтық билер мен поэзиялық шығармалар орындалды. Көрермендер ұлттық киім киген өнерпаздардың сыршыл әнін тыңдап, әсем биіне тамсанып, ерекше әсерге бөленді. Пятимат Хашиева мен Арина Амренова орындаған «Фабра хьазилг» әні және «Даймохк» ансамблінің әсерлі қойылымдары көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Әсіресе, Екібастұз қаласындағы «Горец» лезгинка мектебінің орындауындағы отты би ерекше қошеметке бөленді. Би қимылдары арқылы өнерпаздар тау халқының қайсар мінезі мен рухын, нәзік әйел сұлулығын шебер бейнеледі. Мереке аясында қонақтар шешен және ингуш жазушылары мен ақындарының еңбектері қойылған әдеби көрмемен танысты. Көрме сөрелерінен тарихи еңбектер, көркем шығармалар және балалар әдебиеті, сондай-ақ, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары мен қыш туындылар орын алды.
Шешен-ингуш орталықтары тек мәдени шаралармен шектелмей, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәселен, Ақсу қаласындағы «Щей лоам» ансамблі қалалық «Аманат жұлдыздары» байқауында «Хореография» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Ал Екібастұз қаласындағы орталық жанынан шешен тілін үйрететін курс ашылып, сабақтарды тәжірибелі педагог, шешен тілі оқулығының авторы Лейла Каимова жүргізеді.
Шара соңында орталықтың ұстаздары мен белсенділері ұлттық мәдениетті сақтап, оны жас ұрпаққа насихаттаудағы еңбектері үшін Шешен Республикасының білім және ғылым министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, этномәдениет пен салт-дәстүрді дамытуға, қоғамдық өмірге белсене атсалысқаны үшін бірлестіктің ардагерлері мен белсенді мүшелеріне мерейтойлық медальдар табыс етілді. Марапаттарды «Вайнах» бірлестігінің төрағасы– Иса Мусхаджиев табыс етті. Кеш соңында барлық қатысушылар сахнаға көтеріліп, «Қазақстан» әнін бірге орындап, мерекені көтеріңкі көңіл күймен қорытындылады.
Ділназ Серікбай








