Өнеркәсіпті дамыту ел экономикасын қуатты етеді. Жаңа кәсіпорындарды ашу үшін орасан зор мөлшерде қаржы құю қажет. Осы тұрғыдан алғанда Екібастұз өңірінде қазіргі уақытта жалпы сомасы 6,2 триллион теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде 20 инвестициялық жоба жалпыұлттық тізбеге еніп отыр. Санамалап айтар болсақ, металлургия саласында – 8 жоба, энергетикада – 3 жоба, машина жасауда – 5 жоба, құрылыста – 1 жоба, сауда саласында – 1 жоба және агроөнеркәсіпте 2 жоба қолға алынып, бірқатары іске қосылды.
Жалпыұлттық тізбеге енген «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС, яғни, ферроқорытпа зауытының құрылысы аяқталды. Аталмыш кәсіпорын құрылысына 92 миллиард теңге қаражат тартылды. Ферроқорытпа өндірісіне қосылған тағы бір кәсіпорын – «Kazferro Limited» жеке компаниясы. 30,4 миллиард теңге инвестиция жұмсалған аталмыш кәсіпорын да іске қосылды. Алдағы уақытта мұнда 340 адам жұмыс істейтін болады. Сөз болып отырған саладағы үшінші кәсіпорын – «Mineral Product International» ЖШС. Мұнда құйылатын инвестиция сомасы – 122,2 миллиард теңге. Жобаны іске асыру мерзімі – 2023-2026 жылдар. Зауыт толықтай пайдалануға берілгенде 524 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі уақытта мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқын алып, вахталық қалашық салынып, 334 құрылысшы еңбектеніп жүр. Айтпақшы, жаңа ферроқорытпа зауыттарының өнімдері ішкі нарық қажеттілігін өтеп қана қоймай, шет елдерге шығарылатын болады.
Бұған дейін кеншілер мен энергетиктер қаласы атанып келген Екібастұз енді металлургтер мекеніне де айналады. 2028 жылы «Mineral Product International» ЖШС іске қосылады. Аталмыш металлургиялық зауыт құрылысына 334,6 миллиард теңге инвестиция тартылады. Сонымен қатар, зауыт қасында DRI фабрикасы болады, оның құрылысына 286.8 миллиард теңге қаржы жұмсалмақшы.
Металлургия саласындағы тағы бір жоба – катодтық мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыт құрылысы. «Fonet Er-Tai Mining» ЖШС 9,4 миллиард теңге инвестицияны игеріп, зауытты келесі жылы іске қоспақшы. Мұнда 300 адам жұмыс істейтін болады. Бүгінгі күні қосымша электр желісі тармағының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, енді зауыт құрылысы басталды. Онымен «Темиртауский Казмеханомонтаж №2» ЖШС шұғылданатын болады. Құрылысқа қоса, өндіріске қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп жатыр.
Біраз жылдан бері жұртшылық арасында сөз болып келе жатқан техникалық кремний өндіретін зауыт құрылысы да алға жылжыған тәрізді. «ANSA Silicon» ЖШС зауыт құрылысына 66,3 миллиард теңге инвестиция жұмсайды. Өндіріс ошағы 2028 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі уақытта қосымша әзірлік жұмыстары жүргізілді, енді 2026 жылдың наурызында зауыт құрылысы басталмақшы.
2025-2030 жылдарға жоспарланған тағы бір жоба – электрметаллургиялық кешен құрылысы. «Rail Way Steel» ЖШС биылғы жылдың 30 сәуірінде құрылыстың басталғанын паш етіп, капсула салу рәсімі жасалды. Аталмыш жобаға 495 миллиард теңге инвестиция жұмсалады. Электрметаллургиялық кешен іске қосылғанда 1100 адам жұмыспен қамтылмақшы.
Елімізде жаңа кәсіпорындар саны көбейген сайын электр энергиясына сұраныс та артып келеді. Осы орайда Екібастұздағы электр станцияларын реконструкциялау қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда, Екібастұз МАЭС-2 станциясында №3 және №4 энергоблоктарды орнату міндеті тұр. Бұл мақсатқа 1282,4 миллиард теңге инвестиция жұмсалып, жобаны 2030 жылға дейін жүзеге асыру көзделген. Қазіргі кезде құрылыс алаңында әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жабдықтарды жеткізу 2026 жылдың ІІ тоқсанына белгіленген.
«Самұрық-Энерго» АҚ Екібастұзда МАЭС-3 станциясын салуды да көздеп отыр. Ол үшін 3300 миллиард теңге инвестиция тартылады.
Тағы бір жағымды жаңалық – «Argestus» ЖШС жел паркін салуды қолға алады. Бұл жобаның құны – 104 миллиард теңге. Құрылыс мерзімі – 2025-2027 жылдар.
Соңғы жылдары Екібастұзда теміржол кластері сәтімен қалыптасып, өз жемісін беру үстінде. Алдағы уақытта тағы бірнеше кәсіпорын іске қосылады. Соның бірі – «Алиот-сервис» ЖШС. Ол жылжымалы құрам үшін өндірістік кешен құрылысын қолға алады. Бұл жобаға 25 миллард теңге инвестиция тартылып, 190 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі кезде кешен құрылысы мен инфрақұрылымының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Ал «KVK-2» ЖШС вагондар жасайтын зауыт құрылысын бастау үшін жер телімін рәсімдеп жатыр. Бұл жобаға 4 миллиард теңге қаржы жұмсалады.
Алдағы, яғни, 2026 жылы «Rail cast Systems» ЖШС ұсталық-бандаж кешенінің құрылысын аяқтап, іске қосады. Құны 73,3 миллиард теңгені құраған бұл жоба іске асырылғанда 535 адамға жұмыс табылады.
Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, алдағы жылдар ішінде жүзеге асырылатын жобалар көп. Солардың қатарында кірпіш зауыты құрылысы, вагон жөндеу депосы құрылысы және тағы-тағылары бар. Жалпыұлттық жобалар тізбесіне агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жобалары да енгенін атап өту ләзім. Мәселен, Теміржол ауылдық округі аумағындағы «КорнАгро» ЖШС көкөніс пен картоп сақтайтын қойма салды. Картоп алқаптарының көлемін жылдан-жылға ұлғайтып отырған кәсіпорын енді жаңбырлатқыш машиналар сатып алу және тағы да көкөніс қоймасын салу үшін жалпы сомасы 1,727 миллиард теңге инвестицияны игермекші.
Жалпыұлттық жобалардың ғана емес, өңірлік жобалардың да маңызы зор. Оған агроөнеркәсіптік кешен бойынша 5 жоба еніп отыр. Тарқата айтар болсақ, «Каби Агро» ЖШС көлемі 370 гектар суармалы алқап құрылысын қолға алып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап, 5 жаңбырлатқыш машина сатып алды. Ал «КорнАгро» ЖШС суармалы алқаптар көлемін кеңейтіп, су және электр қуаты тораптары құрылысын жүргізді. Соның нәтижесінде биылғы жылдың мамыр айында кеңейтілген суармалы алқапта картоп отырғызылып, күзде өнімі жиналды.
«Заман» шаруа қожалығы да 200 гектар суармалы алқап құрылысын аяқтады. «Көктөбе» ЖШС көкөніс қоймасын салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, қаржыландыруды күтіп отыр. Ал «Береке» ЖШС сорғы станциясы мен көлемі 900 гектар суармалы алқаптың құрылысын қолға алды. Аталмыш жобаға 320 миллион теңге инвестиция жұмсалады. Сонымен бірге, 267 миллион теңге қала бюджетінен бөлінеді. Мердігер – «CK MEGARON» ЖШС.
Қорыта айтқанда, сөз болған инвестициялық жобалар өңірдің ғана емес, еліміздің экономикасын дамытуға тың серпін береді. Жаңа өндіріс орындарын ашу үшін инвесторларды тарту ілкімділікті қажет етеді десек, бұл орайда аймақ пен өңірдің атқарушы билігі мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда, яғни, инвестициялық саясатты жүзеге асыруда табысты әрекет жасап отыр деуге толық негіз бар.
Ж.Сәдуақас









