Бөрік киген ер азамат Отан қорғауға әрдайым әзір болуы тиіс. Ол үшін жасы толғанда міндетті әскери борышын өтеп, жауынгерлік дайындық мектебінен өткені абзал. Осы орайда жыл сайын екі мезгіл: көктем мен күзде әскерге шақыру жүргізілетіні белгілі. Қала әкімдігінде болған кезекті аппараттық кеңесте Екібастұз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы М. Ренов хабарлама жасады.
Оның айтуынша, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Екібастұз қаласының әскерге шақыру және медициналық комиссиясы жұмысына кірісіпті. Медициналық комиссия маман дәрігерлермен толық қамтылған. Енді әскерге шақыру науқаны қалай жүріп жатқаны жайлы сөз қозғайық.
Есепте әскерге шақырылуға тиіс 490 адам болса, соның 228-і медициналық тексеруден өтіпті. Нәтижесі мынадай: әскери қызметке жарамдысы – 60, шамалы шектеулермен жарамдысы – 9, уақытша жарамсызы – 10, жарамсыздары – 27. Ал 122 шақырылушы қосымша медициналық тексеруге жіберіліп, түрлі себеппен 262 адам медициналық комиссияға мүлде келмепті. Ал облыстық медициналық комиссияға жіберілген 70 шақырылушының 59-ы әскери қызметке жарамды болып шығып, 11-і жарамсыз деп танылыпты.
Жалпы, күзгі жоспар бойынша 164 шақырылушы қажет екен. Бүгінгі күні 214 адам іріктеліп, 59 адам әскерге жіберіліпті. Әскерге шақыру науқанының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына кәсіпорындар мен ұйымдардың қосар үлесі де мол. Бұл тұрғыда «Богатырь Көмір» ЖШС, «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ, «Ангренсор Энерго» ЖШС жақсы жағынан көрінсе, бірқатар кәсіпорын басшылары әскерге шақырылғандарды қамтамасыз ете алмай отыр. Ауылдық округтер бойынша да жағдай тәуір деуге келмейді. Мәселен, Солнечный кентінен шақырылған 32 жігіттің 9-ы медициналық комиссиядан өтпей жалтарып жүр. Шідерті кентінен – 3, Бәйеттен – 3, Теміржол ауылдық округінен – 2, жалпы, ауылдық аймақтан барлығы 22 болашақ сарбаз әскери борышын өтеуге құлықсыздық танытуда. Кенттер мен ауыл әкімдерінің сөзіне қарағанда, біреулері басқа елді мекендерге көшіп не жұмыс іздеп кеткен, кейбірі сырқаттанып ауруханаға түскен, әйтеуір өздері де, әке-шешелері де түрлі себеп айтып, сырғақтайтын көрінеді. Қала әкімі Аян Бейсекин кәсіпорындар басшылары мен ауылдық округтер әкімдерін жеке-жеке тыңдап, атқарған істеріне көңілі толмайтынын білдірді.
– Әскери борышын өтеуден жалтарған азаматтар ертеңгі күні жұмыс істеп те жарытпайды. Сондықтан жұмсақтық танытпай, шақырылушылардың медициналық комиссиядан өтуін бақылауда ұстау керек. Ал қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім күзгі шақыру жоспарын орындауға міндетті, науқанды тиімді ұйымдастыру үшін қажет жағдайда полиция басқармасын жұмылдырып, тәртіп сақшылары азаматтық борышын өтеуден бас тартушыларды іздеп табуға көмегін тигізуі тиіс, – деп, қала басшысы Аян Уахитұлы жауапты тұлғаларды жауапкершілікке шақырды.
Аппараттық кеңесте болған әңгімеден соң күзгі әскерге шақыруда қалыптасқан жағдай түзеледі деп сенейік.
Ж.Жәлелұлы






