Бүгінде сәнге айналған электронды темекілер 2003 жылы шыққанымен, Қазақстан нарығына 2010 жылы ғана келді. Содан бері мектеп оқушылары мен студенттердің де қызығушылығын арттырған вейптердің саудасы онлайн нарықта қыза түскен. Вейп өнімдерін сатуға, жарнамалауға заңды түрде тыйым салынғанымен, электронды шылым сәннен шыққан емес.
Өкінішке қарай, электронды темекіні пайдаланатын жасөспірімдер бұл құмарлықтың қандай қауіп төндіретінін жете түсіне бермейді. Никотин мен вейп құрамындағы басқа да заттар жүйке жүйесіне, когнитивті функциялар мен көңіл күйге ерекше әсер етеді. Электронды шылымды тұрақты қолданатындар арасында тыныс алу жолдары ауруларына, мазасыздыққа және ұйқының бұзылуына шағымданатындар саны артуда.
Құқық қорғаушылар электронды темекілердің тәуелділік тудыратынын айтып дабыл қағуда. Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі Темірлан Оспанов вейп саудасы өрлеп тұрғанын айтты.
– Вейп сатуға тыйым салған заңнама күшіне енгеннен бері 3 сауда нүктесін тауып, қызметін тоқтаттық. Бірақ электронды темекі сатушылар тауарларын онлайн түрде, Телеграм каналдары арқылы таратуда, – дейді аға лейтенант Т.Оспанов.
Электронды темекі таратушыларға заңнама негізінде жауапкершілік қарастырылған.
ҚР Қылмыстық Кодексінің 301-1-бабының 1-тармағына сәйкес, заңсыз вейп сатқандар 200 АЕК көлемінде айыппұл немесе 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаға кесіледі, немесе 50 тәулікке қамауға алынады.
Осы баптың 2-тармағында вейптерді әкелгені және өндіргені үшін 2000 АЕК көлемінде айыппұл салу не болмаса 600 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту, немесе мүлкі тәркіленіп, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не айыру көзделген. Баптың 3-тармағына сәйкес, егер дәл осы әрекетті қылмыстық топ жасап, аса ірі мөлшерде табыс тапқаны белгілі болса, 5000 АЕК мөлшерінде айыппұл салу не 1200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылады. Сондай-ақ, мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Кенже ҚУАТ







