Биылғы жылдан бастап еліміздің Ішкі істер министрлігі «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асырып, оны толық цифрландырды. Енді тұрғындар полицияға шағым немесе құқық бұзушылық туралы хабарламаны Egov, Kaspi.kz және өзге де мобильді қосымшалар арқылы онлайн түрде жолдай алады. Мысалы, азамат қандай да бір құқық бұзушылыққа куә болса, ұялы телефоны арқылы фото немесе бейнежазба түрінде дәлел тіркеп, полицияға хабарлай алады.
Бұл жаңашылдық туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Медет Бейсенов айтты.
— Соңғы тоғыз айдың қорытындысына сүйенсек, қаладағы қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеді. Көшеде жасалған қылмыстар – 7,5 пайызға, тонау – 53,8 пайызға (13-тен 6-ға), пәтер ұрлығы – 33,3 пайызға, адам өлтіру – 40 пайызға, бұзақылық 71,4 пайызға азайды. Ұялы телефон ұрлығы 53,7 пайызға, ал ауыр қылмыстардың басым бөлігі шамамен 40 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар 60 пайызға (5-тен 2-ге), ал топпен жасалған қылмыстар 4,5 пайызға (22-ден 21-ге) қысқарды. Бұл көрсеткіштер – тұжырымдама аясында жүргізілген нақты шаралардың жемісі. Полиция қызметкерлері қала көшелерінде жаяу патрульдеуді жиілетіп, тәртіп жиі бұзылатын орындарды бақылауға алды. Әсіресе демалыс және мереке күндері рейдтер тұрақты түрде өткізіледі, — дейді бөлім басшысы.
Дегенмен қоғамда алаңдатарлық мәселе ретінде интернет алаяқтық деректері азаймай отыр. Соңғы тоғыз айдың ішінде Екібастұзда 287 интернет алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда, 75 пайызға көп. Мамандардың айтуынша, алаяқтар алдаудың жаңа схемаларын меңгерген. Олар өзін «Горэлектросеть» немесе «Горводоканал» қызметкерімін» деп таныстырып, «электр есептеуіш құралдар істен шықты» деген желеумен төрт таңбалы растау кодын сұрау арқылы азаматтардың банк шоттарына қол жеткізеді.
— Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін облыстық прокуратурамен бірлесіп арнайы бөлімше құрдық, банктермен меморандум жасалып, «Антифрауд» бағдарламасы енгізілді. Егер азамат интернет алаяқтық құрбаны болса және дер кезінде хабарласа, бағдарлама арқылы күдіктінің барлық есепшоттары дереу бұғатталады. Бастысы — уақытылы хабарласу. Бір тәуліктің ішінде шағым түсірсе, ақшаны қайтарып қалу мүмкіндігі жоғары, — деп түсіндірді Медет Бейсенов.
Айта кету керек, қыркүйек айынан бастап республика көлемінде «Учаске» жедел профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Оның аясында учаскелік инспекторлар көпқабатты үйлер мен аулаларды аралап, жалға берілетін пәтерлерді тексеріп, алкогольдік ішімдікке әуес азаматтарды бақылауда ұстайды. Жыл басынан бері ішімдікті шамадан тыс қолданған 54 екібастұздық алты айға психоневрологиялық және наркологиялық диспансерге жатқызылған.
Сонымен қатар, демалыс күндері көңіл көтеру орындарында рейдтік тексерулер жүргізіліп тұрады. Жыл басынан бері осы бағытта 156 қоңырау тіркелген. Полиция қызметкерлері әрбір дерек бойынша тиісті шаралар қолданып, қоғамдық орындардағы тәртіпке ерекше назар аударуда.
— Әрбір құқық бұзушылық үшін заң аясында әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Халықтың құқықтық мәдениеті жоғары болған сайын қоғамдағы тәртіп те орныға түседі. Сол себепті әр азамат заңды құрметтеп, өз ортасында тәртіп пен қауіпсіздікке үлес қосуы қажет, — деп түйіндеді Медет Бейсенов.
Ділназ Серікбай







