5 қараша күні қаламыздағы «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және анықтау мақсатында «STOP нашақорлық» жобасы аясында төрт жақты меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжатқа қала прокуратурасы, әкімдік, полиция басқармасы және «Екібастұз халқына» қоры қол қойып, ортақ мақсат жолында күш біріктірді.
Меморандумның негізгі мақсаты – нашақорлыққа қарсы күресті күшейтіп, тұрғындар арасында түсіндіру мен алдын алу шараларын тұрақты жүргізу. Құжатта есірткі заттарын қолдану мен таратудың жолын кесу, түсіндіру жұмыстарын кеңейту, сондай-ақ, тәуелді азаматтарға қолдау көрсету бағыттары нақты көрсетілген.
Қала әкімі Аян Бейсекин есірткі қылмысының алдын алу ісінде қоғамның бірлігі мен ортақ жауапкершілігі ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
— Есірткі қылмысының алдын алудың ең тиімді жолы – бірлескен іс-қимыл. Екібастұзда бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Биылдың өзінде 400-ден астам акция мен 250 түрлі іс-шара ұйымдастырылып, жалпы 15 мыңнан аса адам қамтылды. Бұл көрсеткіш қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру ісінің белсенді жүріп жатқанын айғақтайды. Сонымен қатар, қалада есірткі жарнамалары бар 60-тан астам жазба анықталып, түгел жойылды. Мектептер мен колледждерде пікірталас алаңдары мен интерактивті кездесулер өтті. Ал өткен аптада өткен «Есірткіге жол жоқ» акциясына екі жарым мыңнан астам адам қатысып, қоғамның бұл мәселеге бей-жай қарамайтынын көрсетті, — дейді қала әкімі.
Шаһар басшысы жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, спортқа бейімделуі де нашақорлықтың алдын алудың маңызды тетігі екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, облыс әкімінің қолдауымен және қалалық бюджет есебінен спорттық инфрақұрылым жүйелі түрде жаңартылып жатыр. Қаланың әр ауласында скейт және стритбол алаңдары, футбол мен хоккей корттары салынып, тұрғындарға қолжетімді болып келеді. Ал келесі жылы Екібастұзда жаңа жеңілатлетикалық манеждің құрылысы басталып, оның жанынан үлкен мұз айдыны салынбақ. Мұндай жобалар салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды спортқа баулуға және зиянды әдеттерден аулақ болуға жол ашады.
Меморандум аясында есірткі бизнесіне қарсы күреске үлес қосқан азаматтарды ынталандыру шаралары да қарастырылған. Енді тыйым салынған заттардың таралуына қатысты мәлімет берген тұрғындарға ақшалай сыйақы төленеді. Бұл жөнінде Екібастұз қаласы прокурорының орынбасары Тілеужан Жанәбілов түсіндірді.
— Сыйақы мөлшері құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай 5 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін белгіленеді. Мәселен, есірткі жасырылған орын туралы хабар берген адамға — 5 мың теңге, ал оны таратушылар мен ұйымдастырушыларды әшкерелеуге көмектескен жағдайда 100 мың теңге төленеді. Есірткі өсіретін немесе дайындайтын орындарды анықтауға атсалысқандарға 300-500 мың теңге көлемінде сыйақы қарастырылды, — деді ол.
Бұл меморандум Екібастұзда есірткі қылмысының алдын алу және оған қарсы күрес саласындағы жұмыстарды бір жүйеге келтіруге, күш біріктіруге жол ашады. Қоғамның белсенді қатысуынсыз мұндай күрестің нәтижелі болуы қиын. Сол себепті әр тұрғын өз азаматтық ұстанымын танытып, бұл қауіпті дерттің таралуына бей-жай қарамауы тиіс. Есірткіге қатысты күмәнді жағдайлар байқалған жағдайда тұрғындар полицияның 102 нөміріне, кезекші бөлімге 75-06-06 телефоны арқылы немесе кезекші прокурорға 8 (776) 606-04-84 нөмірі арқылы хабарлай алады.
Ділназ Серікбай







