12 қараша күні Екібастұз қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы және кезектен тыс ХХХҮІ сессиясы болды. Кеңейтілген отырыста қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева хабарлама жасап, депутаттарға қала бюджетіне енгізуге ұсынылған өзгерістер жайлы баяндап берді. Дәлірек айтқанда, мемлекеттік сатып алулардан үнемделген және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстарын оңтайландырудан жиналған 719,3 миллион теңге қаржы есебінен құрылыс бөліміне – 449 миллион теңге, экономика және қаржы бөліміне – 30 миллион теңге, қалған бөлімдерге 700 мың теңге бөлу ұсынылды. Халық қалаулылары мұны құп көріп, бірауыздан мақұлдады. Бір жағымды жаңалық: осы жолы қала бюджетінен 400 миллион теңге қарастырылып, ол қаржы №9 шағынауданда екі көпқабатты үйдің құрылысын бастауға жұмсалатын болды.
Тұрақты комиссиялардың кеңейтілген отырысында кенттер, ауылдық округтер мен ауылдардың да бюджетіне өзгерістер енгізіліп, іле-шала өткізілген кезектен тыс сессияда бекітілді. Осылайша, биылғы қала бюджетінің көлемі 72611,3 миллион теңгені, ал кенттер, ауылдық округтер мен ауылдар бюджеті 2844945 мың теңгені құрады.
Ж.Жәлелұлы






