4 қараша күні Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында «Халықтың бірлігі – өркендеудің негізі» атты облыстық фестиваль-байқау өтті. Этнобірлестіктер арасындағы бұл өнер сайысы өңірдің түкпір-түкпірінен келген шығармашылық ұжымдарды бір арнаға тоғыстырды.
Байқау нәтижесінде Екібастұз қаласындағы «Достық үйі» ұжымының шеберлігі жоғары бағаланып, үш жүлделі орын мен екі арнайы номинацияны иеленді. Татар-башқұрт этномәдени орталығының «Шатлық» вокалдық тобы фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. Ал неміс этнобірлестігінің «Возрождение» би ансамблі ІІ орынға лайық деп танылды. Сонымен қатар, «Арарат» армян орталығынан қатысқан Галина Склярдің былғарыдан жасаған авторлық картиналар көрмесі де ІІ орын иеленді.
Украин этнобірлестігінің «Світанок» вокалдық ансамблі – «Ұлт үні – өнер тілімен» аталымын, ал «Достық» би ансамблі «Достық көпірі» номинациясын иеленді.
Жеңімпаздар мен қатысушыларды Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова марапаттап, дипломдар мен алғыс хаттар табыс етті.
– Бұл облыстық жоба жыл бойы өткізіліп келеді. Біздің қаламыздағы іріктеу қыркүйек айында өткен болатын. Қазылар алқасы жалпы 73 ұжым арасынан 13-ін таңдап алып, үздіктер гала-концертте өнер көрсетті. Байқау керемет достық атмосферада өтті, – деді «Ассамблея жастары» бірлестігінің төрағасы Айдана Тасболатова.
Фестиваль қатысушылары мен көрермендері бұл шараның өңірдегі түрлі этностар арасындағы достықты, өзара құрмет пен мәдени алмасуды нығайта түскенін атап өтті.








