«Самғау» балалар шығармашылығы орталығында құқық қорғау органдарының өкілдері ата-аналармен кездесу өткізіп, есірткі қылмысымен күресудің өзекті мәселелерін талқылады. Іс-шараға Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, қалалық прокуратура өкілдері және республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының маманы қатысты.
Мамандар есірткі қылмысының күрт артуы туралы сөз қозғап, ата-аналарды балаларын қадағалауға шақырды. Соңғы уақытта есірткі саудасы, әсіресе, киберкеңістікте белсенді жүруде, бұл өз кезегінде жастар мен балалар үшін үлкен қауіп төндіреді.
Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ирина Темірғалиева есірткімен күреске қатысты статистикалық деректерді келтіре отырып, өңірдегі ахуалды мәлімдеді. Биыл жыл басынан бері 5 студент есірткі заттарын сақтау мен таратуға қатысты жазаланған. Оның ішінде біреуі – 12,5 жылға, екі адам 18 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал Екібастұз қаласынан шыққан екі жасөспірім 6,8 жылға сотталған.
Қазіргі кезде Павлодар облысында есірткі қылмысына қатысы бар 1893 адам есепте тұр. Олардың үшеуі – жасөспірімдер. Бұдан бөлек, Павлодар облысы нашақорлар арасында ВИЧ таратудан алдыңғы орынға шыққан. Бұл да үлкен қоғамдық мәселе.
Полиция подполковнигі Ирина Темірғалиева есірткілердің зиянды әсері мен оларды сақтау, тарату үшін қолданылатын жазаларды да атап өтті. Мамандардың айтуынша, қылмыстық іс қозғау үшін 0,1 грамм синтетикалық есірткі жеткілікті. Есірткіге тәуелділік көбіне қызығушылықтан басталатыны белгілі. «Бір рет қана көремін деп ойладым», «Досым ұсынды», «Қажет болған кезде тоқтай аламын деп ойладым» деу – тәуелділіктің бастапқы кезеңінде кездесетін жалпы пікірлердің бірі.
Мамандардың «Есірткіге тәуелділіктен емделіп шығу мүмкін бе?», «Нашақор досыңыз болғанын қалар ма едіңіз?» деген сұрағына жиналғандар бірауыздан «жоқ» деп жауап берді. Себебі нашақорлардың өмірі тек тәуелділікпен ғана шектелмейді: олар әрбір доза үшін ақша іздейді, ұрлық жасайды, өздерін және жақындарын қиын жағдайға түсіреді.
Басқарма бастығы И.Темірғалиева есірткі тұтынушыларды, олардың әрекеттерін, әлеуметтік желілердегі жазғандарын, тіпті тасымалдаушыларды бақылау құқық қорғаушылардың назарынан тыс қалмайтынын атап өтті. Сондықтан «полиция ештеңе білмейді» деп ойлау – қате түсінік.
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының әлеуметтік оңалту бөлімшесінің нарколог-маманы Алмаз Сарманов жасөспірімдер арасындағы есірткі тәуелділігінің алғашқы белгілеріне тоқталды. Жасөспірімдердің адамның көзіне қарамайтынын, оқшауланатынын, телефондарын жасыратынын және жаңа «достары» пайда болатынын айтты. Бұл өзгерістерді дер кезінде байқап, ата-аналары тез арада сөйлесіп, балаларының психоэмоционалдық жағдайын бақылауға алуы қажет.
Павлодар қаласында есірткіге тәуелді адамдарды оңалту орталығы жұмыс істейді. Ол жерде 18 жастан асқан адамдар емделеді, жыл сайын орталықта 1500-ге жуық адам оңалту қызметін алады. Алдағы уақытта балаларға арналған 15 орындық арнайы оңалту орталығы ашылмақ. Бұл орталық жақын уақытта іске қосылады деп күтілуде.
Есірткіге тәуелділіктен зардап шегетін адамдарға көмек көрсету үшін 8 800 080 3434 сенім телефоны жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда азаматтар бұл нөмірге хабарласып, консультация ала алады.
Басқосу барысында құқық қорғаушылар мен мамандар есірткі қылмысының алдын алу, жастар арасында тәуелділіктің таралуына жол бермеу үшін ата-аналардың белсенді рөлі маңызды екенін атап өтті. Қазіргі кезде бұл мәселе қоғам үшін аса өзекті.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ







