Бозкілемде тер төгіп, жаттығып жүрген палуан балаларға республикалық «Жас барыс» турниріне жолдама алу – зор қуаныш. Осы орайда, №3 балалар мен жасөспірімдер спорты мектебінің шәкірттері үшін биылғы облыстық «Жас барыс» жарысы табысты аяқталды. Павлодар қаласында өткен турнирде білікті бапкерлер: Сәрсенбай Болатов, Ербол Макратов, Изат Нұрғалиев баптаған палуандар шеберлік танытып, жүлдені қарша жаудырды.
Сөйтіп 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында Нұрәли Нұрбаев (55кг), Айқын Арынғазинов (65), Бауыржан Малай (70), Саят Қуанышбек (75), Руслан Абрамовский (80), Әли Төлеген (80+) жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Кәрім Жанат, Арсен Әнуарбек, Айзат Мақсұт – екінші, ал Нұртілеу Төлеген, Елжан Бегайдар, Ералы Мүбараков, Ғалымбек Сәбит, Дастан Свистунов, Нұрасыл Ақан, Әмірлан Бейсенбек, Әли Жұмабаев үшінші орынды иеленді.
Турнирдің бірінші күніндегі жетістікті келесі күні 2008-2009 жылдары туған ересек балалар да жалғастыра білді. Атап айтқанда, 60 кило салмақта Ералы Исмагулов, 65 кило салмақта Қуаныш Әнурбек жеңіс тұғырынан көрінді. Оған қоса, Мақсат Әнуарбек (70 кг) пен Әлижан Жаңбырбаев (78 кг) күміс медаль, Жалғас Бәкібай (90 кг) мен Нұрасыл Бақытбекұлы (90+) қола медаль еншіледі. Осылайша, №3 БЖСМ-нің жас палуандары толағай табысқа жетті. Турнир жеңімпаздары енді облыс құрама командасы сапында Астанада болатын республикалық «Жас барыс» турниріне қатысатын болады.
Ж.Бұланбай







