26-28 қазан күндері Қытайдың Ухань қаласында Халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі өтті. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, аталмыш көрмені екібастұздық делегация да көріп қайтты.
– Біздің делегация құрамында қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Жасұлан Сәдуақасов, кәсіпкерлер: Орынбасар Әлеев пен Серік Сәдуақасов, «Ауыл» партиясының өкілі Жетпісбай Жакупов, шаруа қожалықтарының басшылары Манат Алғамбаров: Жанат Ибраев, Марат Қанатов және мен болдым, – дейді Екібастұз қаласы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі кеңесшісі Сансызбай Төлеубаев.
Сансызбай Сапарұлының айтуынша, аумағы атшаптырым көрмеде Қытайда жасалған сан алуан ауыл шаруашылығы техникасы, ұқсату кәсіпорындарына қажетті жабдықтар қойылған екен. Озық технологияларды қолдана отыра жасалған заманауи техникалар ауыл шаруашылығы жұмыстарында тиімді екені шүбәсіз. Айтпақшы, көрмеге орналастырылған техника мен құрал-жарақтардың 15 пайызы сол Ухань қаласындағы кәсіпорындарда шығарылатын көрінеді. Екібастұздық кәсіпкерлер осы саладағы жаңалықтармен танысып, алдағы уақытта қытайлық жақпен байланыс орнатуға ниетті.
Ж.Бұланбай








