Таяуда қаламыздағы №28 сәбилер бақшасының әдіскері Гүлсім Оспанова «Мектепке дейінгі үздік әдіскер – 2025» байқауының қалалық кезеңінде бас жүлде жеңімпазы болып танылып, облыстық кезеңде І орынға қол жеткізді. Бұл Гүлсім Амангелдіқызының облыстық деңгейдегі бірінші жеңісі емес, бұған дейін ол облыстық «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауында ІІ орынға ие болған еді.
Гүлсім Амангелдіқызының педагогикадағы қадамдары мен ізденістері «Отарқа» ұжымына жақсы таныс: ол газетімізге өз ұжымының ізденістері, өз тәжірибесіндегі жаңашылдықтар жайлы жиі қалам тартып тұрады. Жылда баспасөз науқанында белсенділер қатарынан көрініп жүрген Гүлсімнің ұйытқы болуымен балабақша ұжымы биыл да газетімізге алғашқы болып жазылды. Байқаудан тамаша жүлдемен оралған Гүлсім Амангелдіқызын сөзге тарттық.
– Гүлсім Амангелдіқызы, сіз «Отарқаның» педагогика саласындағы белсенді авторысыз әрі жаңашыл әдіскерсіз. Әріптестеріңізге сізді жақынырақ таныстырғанымыз жөн болар: қысқаша өмірбаяныңызды баяндап өтсеңіз…
– Туған жерім – Ақмола облысы Ерейментау ауданының Бозтал ауылы. Еңбек жолымды Екібастұз қаласының №9 мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастадым. Өз мамандығымды тапқан кезең – №9 балабақша-гимназиясында жұмыс істеген жылдарым. Тәрбиеші ретінде бар тәжірибемнің негізін мен осы балабақшада қаладым. Сол жер маған төзімділік, мейірім, баланың жанын түсіне білу өнерін үйретті. Балабақшадағы он жыл әдіскерлік жолымның мықты іргетасы болды.
– Газетке жолдаған мақалаларыңыз арқылы балабақшаңызда жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізуге талпынып жатқаныңызды білеміз. Тәрбие үдерісінде бұдан басқа қандай ерекшеліктерге мән беріп жүрсіздер?
– Жасанды интеллект педагог жұмысының басым бөлігін жеңілдеткенін атап өткім келеді: құжат дайындау, көрнекілік жасау, жоспар жазу – бәрі жылдам әрі тиімді орындалады. Әдіскер ретінде өз басым жас педагогтарға қолдау көрсетуге мән берудемін. Осы тұрғыда жыл сайын жас мамандардың шығармашылығын ашатын қалалық «ЭТНО-АРТ» байқауын ұйымдастырып келеміз: бұл біздің ұжымдық дәстүрге айналды. Сондай-ақ, №18 жалпы орта білім беру мектебімен жүйелі байланыс орнатқанбыз. Бірлескен іс-шаралар, ашық сабақтар, дайындық топтарының мектепке бейімделу жұмыстары – осының бәрі баланың келесі ортаға сенімді, қорқынышсыз өтуіне жағдай жасайды.
– Жұмысқа ренжіп, шаршап баратын педагогтарды жиі кездестіреміз. Сіз үшін шабыт көзі кім (не)?
– Әр адамның ең алғашқы ұстазы – ата-анасы. Менің де адам болып қалыптасуыма, білімге құштар болуыма ең бірінші үлгі болған – сол кісілер. Кәсіби жолымда бағыт берген тұлғалар: Астана қаласында тұратын Күлпан Төкенқызы мен Екібастұзда ұзақ жыл абыроймен еңбек еткен Айтжамал Төкенқызы — мен үшін аса құрметті жандар. Сол кісілердің жолы өз тағдырымды мектепке дейінгі ұйыммен байланыстыруыма ықпал етті. Сонымен бірге, қазіргі басшымыз Әлия Сейітқалиқызы Сейфуллинаның қолдауы мен сенімі маған зор күш береді. Ол кісінің ұжымды алға жетелейтін біліктілігі – біз үшін үлкен мектеп. Мен үшін әр бала – бір әлем. Сол әлемді жарық ету үшін педагог үнемі ізденісте, дамуда болуы тиіс. Менің басты мотиваторым – осы балалар.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА






