Дәмет Шарапатқызы Әміренова – аймағымызда қолөнер шеберлерінің қатысуымен ұйымдастырылып келе жатқан барлық іс-шараларға белсенді қатысатын ісмер. Ол 2020 жылы Ырза Тұрсынзаданың ұйымдастыруымен өткен «Көрпе-фест» мегафестиваліне қатысып, лауреат атанды. 2023 жылдың наурыз айында өнерлі аналардың «Тақия-фест» фестивалінде бұйымдарын көпшілікке паш етті.
2023 жылы республикалық «Хас шебер» форумында еліміздегі ең үлкен тудың тігілуіне өз үлесін қосып, есімі Қазақстанның рекордтар кітабына енді. 2024 жылдың қыркүйек айында V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында Қазақстан құрақшыларымен бірігіп ені 40 метр, ұзындығы 252 метр «Аламан құрақ» құрап шықты. Биыл да Құрақшылар құрылтайы аясында Алматы қаласында өткен «Аламан құрақ» мегажобасына қатысты.
Дәмет Шарапатқызы Екібастұз аймағындағы тәрбиелік маңызы зор іс-шаралардың бел ортасынан табылып, жастарға ұлттық қолөнер, отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, қыз балалардың қоғамдағы орны сияқты өзекті тақырыптарда ой бөлісуден қол үзген емес. Сондай маңызды кездесулердің бірі Құлакөл ауылдық клубында өтті.
– Кештің мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, ата-бабамыздан қалған асыл мұраны жас ұрпаққа таныту және қолөнердің мән-маңызын ұғындыру. Дәмет апаның шығармашылық жолынан шерткен қызықты естеліктері, қолөнерге келу тарихы, жасаған бұйымдары ауылдастарымыздың қызығушылығын тудырып отыр. Шебердің қолынан шыққан кестелі бұйымдар, сырмақтар, көрпелер көз тартады. Қонағымыз оларды жасау тәсілін де көрсетті, – деді кездесуді ұйымдастырушы – Құлакөл ауылының әдіскері Гүлнәр Қадырова.
Кездесу кеші әсем ән мен әсерлі тілектерге ұласты. Іс-шараға қатысқан ауыл тұрғындары мен жастар ұлттық өнердің қыр-сырына қанығып, Дәмет апаның еңбегіне ризашылықтарын білдірді. Кеш соңында клуб ұжымы шеберге алғыс айтып, естелік сый тарту етті.
Жалпы, қолөнер екінің біріне дари бермейтіні белгілі. Дәмет апаға да бұл өнер анасы – Балапан (Мағфура) Кенжетайқызынан дарыған. Тігін машинасымен зыр еткізіп немерелеріне көйлек, шапан, тақия тігіп бере қоятын Балапан апаны ауылдастары әлі ұмыта қоймаған болар. Балапан апа – оюды сөйлете білген адам. Өмірде көрген қиындықтары мен шеккен қасіреттерінің емін қолөнерден тапқан шебердің оюлары тағдырдың бұралаң жолдары іспетті.
Анасының өнерін жалғаған Дәмет апай болса қазақы бұйымдарды жаңаша тілде, өзгеше бояумен сөйлете білді. Абзал жанның еңбегі еленіп, «Екібастұз қаласына – 65 жыл», «Екібастұз қаласына сіңірген еңбегі үшін», «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. «Күміс алқа» алқасының иегері.
Ж.ЖАПАРОВА








