Биылғы қоңыр күз екібастұздықтарға ерекше қуаныш сыйлады. Нақтырақ айтқанда, 29 қазан күні «Өнер» мәдениет сарайында «Ертіс-Баян» театрының тұсаукесері болды. Осылайша, шам шаһардың бай тарихы тағы бір парақпен толықты. Кең залда ине шаншар орын болмай, бекзат өнерге бас иген қауым ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат!» мелодрамасын екі сағат бойы тапжылмай тамашалап, рухани ләззат алды.
Театр шымылдығы түрілер алдында екібастұздықтардың қуанышын бөлісуге келген Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа сөз берілді.
– Адам баласына күнделікті тұрмыс қамы ғана емес, рухани нәр де қажет. Өнер – жанның азығы, рухтың шуағы. Театр – сол шуақты төгетін киелі орда. Бүгінде театрда кәсіби мамандар жұмыс істеп жатыр. Өнер ұжымының шығармашылықпен алаңсыз шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалу үстінде. Алдағы уақытта театр үшін еңселі ғимарат салу міндеті тұр, – деген Асайын Қуандықұлының сөзін жұрт ықыласпен қабылдады.
Аймақ басшысы Екібастұзда театр ашу КСРО Мәдениет қайраткері Шамғон Мусиннің көп жылғы арманы болғанын, абыз ақсақал өмірден өтіп кеткенімен, сол арманы орындалған күн туғанын айтып, «Ертіс-Баян» театрының ұжымына сәттілік тіледі.
Бүгінгі заманда Мұқағали ақын шығармашылығын білмейтін қазақ кемде-кем. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндер ел ішінде кеңінен тарап кеткен. «Қош, махаббат!» драмасы бірқатар театрларда көрсетіліп, көрермен көңілінен шыққаны да белгілі. Қоюшы режиссерлер махаббат тақырыбында жазылған шығармаға әр түрлі трактовка жасап жүр. Осы орайда, «Ертіс-Баян» театрының режиссері Бибіажар Диханның спектакльді қай қырынан ұсынып, қалайша әр бергенін айтпас бұрын, сахналық қойылымның мазмұнын қысқаша баяндай кетейік.
Бағдат пен Бану – бір-біріне ынтық. Болашақ композитор – Бағдаттың ақын досы Айбар екі ғашықтың бақытты болуын қалап, қорғап жүреді. Алайда араға жесір әйел – Сәлима килігіп, өзінің жиені Асанға ару қыз Бануды айналдырып берудің амалын қарастырады. Сөйтіп жүргенде арам пиғылын іске асыру-
ға ілік табылады. Бағдаттың талма ауруы бар екенін білген Сәлима Бануды азғыруға кіріседі. Оқиға өрбіген сайын шиеленіседі. Екі ғашықтың арасына Асан сынадай қадалады. Асан мен Бану – бір ауылдан әрі жігіт қызға ғашық. Ақыр аяғы адалдықты зұлымдық жеңіп, сүйгені Бағдатпен бақытты болып жүрген Бану көңілі қаламаған Асанға жар болып, бақытсыздыққа ұрынады. Ғашықтық хикаятының осылайша қайғылы аяқталуына көрерменді сендіру – қоюшы режиссердің міндеті. Осы орайда режиссер Бибіажар Дихан иландыру кілтін таба білген.
… Сәлиманың пәтеріне Бағдатты іздеп Бану келеді. Қыздың көңілі әрі-сәрі болып жүргенін сезген әккі жесір әйел: «Бану, сен Бағдатты сүйесің бе, әлде аяйсың ба?» – деп сұрайды. Мұның өзіне құрылған қақпан екені қаперіне кіріп шықпаған Бану: «Аяймын»,– деп мұңайып, сәл кідіріп: «Мен Бағдатты сүйемін!» – дейді жан сырын ашып. Алайда алғашқы аңдаусыз айтылған «аяймын» деген жалғыз сөз Бану мен Бағдаттың махаббатын тәрк етеді. Өйткені Сәлиманың пәтершісі Бағдат кездейсоқ әлгі сөзді естіп, соңын күтпей безе жөнелген еді…
Айтпақшы, «Қош, махаббат!» шығармасын түпнұсқасында оқыған оқырман білуі тиіс, автор кейіпкері – Бануды бақытсыз етуге қимайды. Уақыт өте келе, Бағдат Асан мен Банудың отбасылық досына айналып, ширыққан оқиғаға ізгілік реңк беріледі. Десек те кез келген драмалық шығарма сахналанғанда режиссер танымы, көзқарасына қарай өзгерістерге ұшырайтынын, кейіпкерлердің көңіл күйлерін, тартысын айшықтап жеткізу үшін шығармада жоқ детальдар енгізілетінін көз көріп жүр. Осы орайда, қойылымда Мұқағали ақын өлеңдеріне жазылған танымал әндердің әртістердің айтуында орындалуын – көрерменнің оқиғалар мәніне терең бойлауына септігін тигізетін тетік деуге әбден болады.
Қойылымның сәтті шығуы әртістердің шеберлігіне де байланысты. Бұл жағынан алғанда, әлі жас, тәжірибелері аз болса да, Бағдаттың рөлін Бағлан Есенбеков, Банудың рөлін Алтынай Темірбаева жарасымды ойнап шықты. Сонымен қатар, Айбар образын сомдаған Дәулет Әйткенов, Айшаны бейнелеген Анэль Төлегенованың ойыны да көрермен есінде қалғаны анық. Ал Сәлиманы сомдаған тәжірибелі әртіс Бахаргүл Құрбанованың шеберлігі қойылымның ұстыны болды десек, артық айтқандық емес.
Қорыта айтқанда, қойылым аяқталған соң сахнада сөз сөйлеп, өнер ұжымына батасын берген Халық әртісі Шаһмардан Әбіловтің пікіріне жүгінсек, «Ертіс-Баян» театрының алғашқы қадамы сәтті болды. Опера өнерінің мэтрі екібастұздықтарға театр сыйлаған облыс әкімі Асайын Байханов пен қала әкімі Аян Бейсекинге, театр ұжымын қалыптастыруға еңбегін сіңірген «Өнер» мәдениет сарайының директоры Талғат Сағынтаевқа көрермен атынан алғыс білдірді. Ең бастысы, ендігі уақытта екібастұздықтар: «Біздің қаламызда театр бар», – деп мақтанышпен айтып, жаңа қойылымдар күтеді.
Ж.Жәлелұлы









