30 қазан күні Екібастұз қаласының тарихымен біте қайнасқан, талай буынға білім нәрін сепкен
№33 жалпы орта білім беретін мектептің 70 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. «Сан қыранды самғатқан алтын ұя» атты мерекелік шараға білім ордасының ұстаздары мен түлектері, ардагер педагогтар мен қала басшылығы қатысты.
1955 жылы алғаш рет шәкірттерге есігін айқара ашқан №33 мектеп бүгінде қаламыздағы көне әрі дәстүрге бай білім ошақтарының бірі саналады. Қойнауында мыңдаған түлектің балалық естелігі, ұлағатты ұстаздардың ізі қалған қасиетті қара шаңырақ жетпіс жыл бойы білім мен тәрбиенің шамын сөндірмей келеді. Осы жылдар ішінде бұл мектептен мыңдаған түлек түлеп ұшып, еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр.
Кеш барысында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин ұжымға ізгі тілегін білдіріп, мектептің қаланың рухани және әлеуметтік өміріндегі маңызды рөлін атап өтті:
– №33 мектептің аты оның түлектерінің табыстарымен танымал. Бұл білім ордасынан шыққан шәкірттер бүгінде өндіріс, медицина, білім және кәсіпкерлік салаларында абыройлы еңбек етіп жүр. Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «Жақсы мұғалім – мектепке жан кіргізетін адам». Білікті басшы, тату ұжым және мықты дәстүр – мектептің басты байлығы – осы, – деді қала әкімі.
Аян Уахитұлы мектептің 70 жылдық мерейтойымен ұжымды құттықтап, ұстаздар қауымына зор алғыс білдірді. Салтанат марапаттау рәсімімен жалғасты.
Білім беру саласындағы адал еңбегі мен белсенді өмірлік ұстанымы үшін «Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектептің бұрынғы директоры Қымбат Мусиноваға табысталды.
Сондай-ақ, Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамотасымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Әбдіқадырова, Бибігүл Сырымова, математика пәнінің мұғалімі Валентина Бахтина, тарих және география пәнінің мұғалімі Майя Задорожная, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Светлана Лиханова, география пәнінің мұғалімі Бибігүл Омарова, информатика пәнінің мұғалімі Салтанат Оразалинова, бастауыш сынып мұғалімдері Ләззат Ажикенова, Гүлімжан Құсайынова, Ғалия Шәріпова, Теңдік Шуктаева және Александра Шумакова марапатталды.
Ал қала әкімінің алғыс хатымен математика пәнінің мұғалімі Аяжан Абраева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Тоғжан Заитова мен Жанар Туленова, әлеуметтік педагог Самал Идрисова және бастауыш сынып мұғалімі Марина Степанова марапатталды.
Мерекелік кешке қатысқан Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев та ұстаздарға жылы лебізін білдіріп, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын табыстады.
Олардың қатарында информатика пәнінің мұғалімі Сәуле Абакова, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Аягөз Әубәкірова, Татьяна Николаенко, тарих пәнінің мұғалімдері Жұмагүл Қанышева мен Ирина Гриценко, технология пәнінің мұғалімі Дәмелі Құсайынова, физика және математика пәнінің мұғалімі Рагина Кусаинова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлмираш Оразалина, бастауыш сынып мұғалімі Валентина Павлова, денешынықтыру пәнінің мұғалімдері Әсет Исабеков, Ернар Мейрам және Едгорай Мендышева, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Диана Тағамбаева бар.
Бүгінде тәжірибелі басшы, білім саласының үздігі Айгүл Жағыпарова жетекшілік ететін №33 мектепте 624 оқушы білім алып, 55 педагог еңбек етуде.
– Осы мектепте қызмет етіп келе жатқаныма жиырма жылға жуықтады. Мектеп қабырғасынан мыңдаған түлек ұшып шықты, олардың әрқайсысы – біздің еңбегіміздің жемісі. Шәкірттеріміз пәндік олимпиадалар мен шығармашылық сайыстарда, спорттық жарыстарда жүлделі орындар алып жүр. Бұл – біздің ортақ қуанышымыз, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Әбдіқадырова.
Айта кетерлігі, соңғы жылдары мектеп ғимаратына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыр мен ішкі инженерлік жүйелер толық жаңартылған. Асхана, спорт және мәжіліс залдары заманауи талаптарға сай қайта жабдықталып, оқу кабинеттері LED экрандармен, интерактивті тақталармен және жаңа компьютерлермен толықтырылған.
Мерекелік кеште мектептің ардагер ұстаздары Төлеухан Темірханов, Қымбат Мусинова, Кенже Байғозина және Людмила Новикова сахна төріне шығып, жылы естеліктерін бөлісіп, ұжымға ақжарма тілектерін арнады.
Шара соңы оқушылар мен ұстаздардың өнеріне ұласқан концерттік бағдарламамен жалғасты. Мектеп оқушылары «Жаса, мектебім!» әнін, Нұрай Игілік «Шаттық биін» орындады. Ал «Ұстаздар» әні орындалған сәтте 11-сынып түлектері сахнадағы ардагер ұстаздарға гүл шоқтарын ұсынып, алғыстарын білдірді. Кеш соңында мұғалімдер хоры орындаған «Біздің мектеп» әні мерейтойдың шарықтау шегіне айналды.
Жеті ондықтың белесін бағындырған №33 мектеп бүгінде жаңа жетістіктерге нық қадаммен бет алып келеді. Бірлік пен білімді ұштастырған ұжымның игі дәстүрлері жалғаса беріп, алтын ұяның есігі әлі талай буынға білім шамын жағатыны сөзсіз.
Ділназ Серікбай








