31 қазан күні елімізде «Заң және тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру аясында жалпыұлттық «Халық заңгері» акциясы өтті. Бұл күні Екібастұз қаласының тұрғындары «Maxi Mall» сауда-сауық орталығында мамандардан тегін құқықтық кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Шараға құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, адвокаттар, нотариустардың өкілдері қатысып, әрбір азаматты жеке қабылдады. Тұрғындар өз сұрақтарын қала әкіміне, прокурорға, полиция басқармасының басшылығына және түрлі бөлім жетекшілеріне тікелей қойып, нақты жауап алды.
Екібастұз қаласы прокурорының орынбасары Асхат Атикеевтің айтуынша, «Халық заңгері» акциясы – тұрғындарға заңдық көмек көрсетіп, өзекті мәселелердің шешімін жедел табуға жол ашатын тиімді алаң.
— Мұнда мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері алдын ала жазылусыз, тегін құқықтық кеңес көрсетеді. Мұндай тікелей қабылдаулар халыққа өте қажет. Себебі азаматтар өз мәселелерін маманмен тікелей талқылап, жедел шешуге мүмкіндік алады. Мысалы, бүгінгі қабылдау барысында бірнеше тұрғын жер қатынастары және экологиялық жағдайға байланысты сауалдарын қойды,— деді ол.
Кездесу барысында тұрғындар зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту, жер заңнамасы және алаяқтық әрекеттердің алдын алу сынды өзекті мәселелерді көтерді. Әсіресе соңғы уақытта интернеттегі алаяқтық деректерінің көбеюі көпшіліктің алаңдаушылығын тудырғаны байқалды.
Бұл тұрғыда Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов тұрғындарды интернеттегі күмәнді хабарламалардан сақ болуға шақырды.
— Соңғы уақытта алаяқтардың әрекеті жиілеп кетті. Олар «сілтемеге өтіңіз», «жүк келді» немесе «сыйлық ұтып алдыңыз» деген жалған хабарламалар арқылы азаматтарды алдап, банк шоттарындағы қаражатты иемденіп жатады. Біз еңбек ұжымдарымен түсіндіру жұмыстарын жиі жүргіземіз. Әсіресе, жастар арасында «дропперлік» деп аталатын заңсыз әрекетке араласу деректері көбейіп отыр. Әр азамат бұл мәселеде аса сақ болуы тиіс, – деді Төлеген Айдарханұлы.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай SMS-хабарламалар көбіне ресми банктер мен курьерлік қызметтердің атынан келгендей болып көрінеді. Ондағы сілтемені басқан сәтте телефонға зиянды бағдарлама орнатылып, алаяқтар азаматтардың жеке деректеріне және банк шоттарына қол жеткізеді. Мамандар тұрғындарға күмәнді сілтемелерді ашпауға, бейтаныс нөмірлерден келген хабарламалар мен қоңырауларға сенбеуге кеңес береді.
Кездесу барысында қала тұрғындары тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерін де ортаға салды. Мәселен, екібастұздық Айымгүл Такишева өз үйінің маңындағы қазулы жатқан құрылыс аумағына қатысты шағымын жеткізді.
— Бұл жер бірнеше жылдан бері қазулы күйінде тұр. Айналасы қурап, қоқысқа толып кеткен. Жаңбыр жауғанда су жиналып, маса көбейеді. Осы мәсе-
лемен сәулет және жер қатынастары бөліміне жүгіндім, олар жағдайды назарға алатынын айтты, – дейді қала тұрғыны.
Ал қала тұрғыны Шолпан Тайғанова 90 жастағы анасын алаңдатқан жылу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, жеке сектордағы үйлерде түнгі уақытта жылу тоқтап, тек таңғы жетіде ғана қосылады. Кей көршілердің монша мен жазғы асүйлеріне заңсыз жылу тартуы салдарынан қысым төмендеп, кей үйлерге жылу жетпей жатады. Бұл мәселе бойынша прокуратура өкілдері алдағы уақытта тексеріс жүргізетінін мәлімдеді.
Шара барысында тұрғындар еңбек даулары, жер үлесін бөлу, шоттарды бұғаттан шығару, зейнетақы аударымдары сияқты түрлі бағыттағы мәселелер бойынша да кеңестер алды. Тек бір сағатқа жоспарланған қабылдау кезінде елуге жуық екібастұздық өз сұрағына жауап алып, өтінішін жеткізді. Қалалық прокуратура өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілмек.
Ділназ Серікбай








