4 қараша күні Екібастұз қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХХҮ сессиясы болып өтті. Сессияда Екібастұз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсем Оспанова осы жылдың 26 қазанында болған сайлау қорытындысы жайлы баяндады.
Атап айтқанда, №3 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Денис Петрович Черкашин сайлаушылар даусының басым бөлігін жинаған екен. Сөйтіп қалалық аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты болып тіркелген Денис Черкашинге депутат куәлігі мен төсбелгісін Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев табыс етіп, қызметіне сәттілік тіледі.
Сессия жұмысына қатысқан Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин де халық қалаулысы Денис Черкашинді сайлаудағы жеңісімен құттықтап, оның көптеген әлеуметтік жобаларға қаржы бөлген жомарт азамат екенін атап өтіп, депутаттық корпусқа тез сіңісіп, алдағы үш жылдың бюджетін қалыптастыру жұмысына белсенді кірісуіне тілектестік білдірді.
Әр депутаттың міндеті болады емес пе, осы орайда Денис Черкашин екі тұрақты комиссияға, нақтырақ айтқанда, экономика және бюджет, сонымен бірге, құрылыс, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комиссиялар құрамына мүше болып енгізілді.
Ж.Жәлелұлы







