4 қараша күні қала әкімі Аян Бейсекин аппараттық кеңес өткізді. Онда Екібастұз қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Бекпаева өңірдегі эпидемиологиялық жағдай туралы баяндама жасады.
Баяндамашының сөзіне қарағанда, биылғы жылдың 9 айы ішінде өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жіті ішек инфекциялары, сальмонеллез, көкжөтел, туберкулез, А вирусты гепатит ауруларын жұқтыру біршама азайған. Енді тарқата айтар болсақ, 3 баланың көкжөтелмен ауырғаны зертханалық түрде расталған. Үшеуі де екпеден бас тартқан балалар екен.
13 адам сальмонеллез жұқтырған, оның жетеуі – балалар. Былтырғы жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, сальмонеллезбен сырқаттанушылық 62,3 пайызға төмендепті. Десек те маусым айында «МерАман» мейрамханасында ас беру кезінде сальмонеллезді 5 адамның жұқтыру оқиғасы болыпты. Оқыс жағдайға кінәлілердің мейрамхана қызметкерлері екені анықталған.
Баяндамашы өз сөзінде жіті ішек инфекциялары, А вирусты гепатит көрсеткіштері де төмендегенін айта келе, туберкулез тақырыбына көшті. Атап айтқанда, сырқаттанушылық – 12,5 пайызға, таралу деңгейі – 18 пайызға, ауырсыну 16 пайызға кеміпті. Мәселен, былтыр туберкулезді 47 адам жұқтырса, биыл 29 адам жұқтырыпты. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы туберкулездің тіркелуіне қатысты 19 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 5 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 235920 теңге айыппұл салыныпты.
Аса қауіпті инфекция болып саналатын бруцеллезді жұқтыру көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда өсіп отыр. Сарыпты былтыр 1 адам жұқтырса, биыл 4 адам жұқтырыпты.
– Оның біреуі – қорасында мал ұстайтын қала тұрғыны. Тағы біреуі – Солнечный кентінен. Екі адам Ақкөл ауылдық округінен, – деді Бақыт Төлеубайқызы.
Бруцеллезді жұқтырған адамдар емдеу орындарына жатқызылып, тиісті шаралар қолданылыпты. Әйтсе де жауапты тұлғалардың уәждері қала басшысын қанағаттандырған жоқ. Сондықтан Аян Уахитұлы бруцеллез ошағын болдырмау үшін іс-шаралар жоспарын жасап, жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар, бұралқы иттерден адамдарға төнетін қауіп те қоғамды алаңдатып отыр. 9 айдың ішінде ит қапқан 367 адам қалалық аурухананың жарақат пунктіне жүгініп, құтыруға қарсы көмек алыпты. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есеге көп. Қала әкімі қаңғыбас иттердің ғана емес, иесіз мысықтардың да қауіпті екенін айтып, бұл бағыттағы күресті ширатуды тапсырды.
Енді сөз басында айтылған жұқпалы аурулар туралы мәселеге қайта оралсақ, қалалық емханалар екпе жасау көрсеткішін жақсарта алмай отыр. Себебі көптеген ата-аналар балаларына екпе салдырудан бас тартуда. Атылмыш проблеманы талқылай келе, қала басшысы емханалардың бас дәрігерлеріне түсіндіру жұмыстарын өрістету арқылы жағдайды түзеуді жүктеді.
Ж.Жәлелұлы






