31 қазан күні Екібастұз қаласында есірткі қылмысының алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты кең ауқымды акция өтті. Шара Екібастұз қаласы әкімдігінің бастамасымен, облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, қалалық прокуратура, полиция басқармасы, білім бөлімі және жастар бастамаларын дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Акцияға қала мектептерінің оқушылары мен колледж студенттері белсене қатысып, қоғамның өзекті мәселесіне бейжай қарамайтындықтарын көрсетті. Негізгі мақсат жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, есірткіге қарсы қоғамдық иммунитетті күшейту және жас буынды зиянды әдеттерден қорғау болды.
Жиында қала әкімі Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының прокуроры Қанат Атығаев, полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбегенов, сондай-ақ, облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ирина Темірғалиева қатысушыларға ізгі тілектерін арнап, нашақорлықтың қоғамға тигізер зардабы жөніндегі ойларын ортаға салды.
– Нашақорлық – болашағымызға балта шабатын қауіпті індет. Бұл дертпен қоғам болып күресу – ортақ міндет. Бүгінде мемлекетіміздің саясатының басты бағыты – жас ұрпақтың дені сау, білімді әрі жауапты азамат болып қалыптасуына жағдай жасау. Сондықтан есірткіге жол бермеу – әрқайсымыздың борышымыз, – деді қала әкімі Аян Бейсекин.
Өз сөзінде полиция подполковнигі Ирина Темірғалиева да жастарды салауатты өмірге баулу мен олардың бойында азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастырудың маңызын атап өтті:
– Бүгінгі акцияның басты мақсаты – қаламызды зиянды жарнамалардан тазартып, балалар мен жастарды қауіпті ақпараттардан қорғау. Есірткіге қарсы күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әр азаматтың ортақ ісі. Есірткі – адамның өмірін, отбасының, қоғамның да тыныштығын бұзатын қасірет. Сондықтан да жастарды дұрыс бағытқа, салауатты өмірге тәрбиелеу – біздің ең басты міндетіміз. Сол себепті қаламызда осындай шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Акция аясында ерікті жастар қаланың шағынаудандарына бөлініп, ғимарат қабырғаларындағы есірткі жарнамаларын өшіріп, көшелерді тазартуға атсалысты. Сонымен қатар, бір топ қатысушылар «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында өткен бұқаралық флешмобқа қатысты. Шара кезінде жастарға есірткі заттарының адам денсаулығына және қоғамға тигізер кері әсері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сол күні орталықта ата-аналар мен педагогикалық қауымдастық өкілдері бас қосқан дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда жасөспірімдердің психикалық саулығын сақтау, есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру және ата-анамен өзара байланыс орнатудың тиімді жолдары сөз болды. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары арасында шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстар өтіп, жеңімпаздар марапатталды. №12 мектептің 11 «А» сынып оқушысы Мария Еремина мен №6 лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Кирилл Невкрытый үздік нәтиже көрсетіп, сыйлық ретінде велосипед иеленді.
Кездесу барысында Менталды денсаулықты дамыту республикалық орталығы Павлодар қалалық филиалының кеңесшісі Алмаз Сарманов орталықтың қызметі туралы айтып, психологиялық көмек алудың маңызына тоқталды:
– Біздің орталыққа жыл сайын жүздеген адам жүгінеді. Мұнда психотерапевттер, профессорлар мен тәжірибелі психологтар жұмыс істейді. Біз мамандарды арнайы оқытып, азаматтарға кәсіби көмек көрсетеміз. Психологиялық қолдау – нашақорлықтың алдын алудағы маңызды бағыттардың бірі.
Акцияның тағы бір маңызды бөлігі ретінде «Maxi Mall» сауда-сауық орталығындағы «Maxi Cinema» кинотеатрында «Капитан Байтасов» көркем фильмі тегін көрсетілді. Көрсетілімге қала әкімі Аян Бейсекин, қала прокуроры Қанат Атығаев және полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов қатысты. Шынайы оқиғаға негізделген бұл туындыда полиция капитаны Байтасовтың ерлігі мен қызметтік борышына адалдығы бейнеленген. Фильм көрермендерге үлкен әсер қалдырып, патриотизм мен азаматтық жауапкершілікке үндеді. «Нашақорлыққа жол жоқ!» акциясы қоғамды ортақ мақсатқа – есірткіге қарсы күреске жұмылдырып, жастардың өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыруға зор серпін берді. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың дені сау, рухы мықты, елжанды азамат болып өсуіне бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Ділназ Серікбай








