Екібастұз қаласында алдағы жылдары жаңа мұз сарайы бой көтермек. Көпфункционалды спорт кешенінің жобасы өңірдегі ең ірі нысандардың бірі болмақ. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қайрат Сүлейменов айтты.
— Алдағы жобалардың ішіндегі ең ірісі – мұз айдыны бар спорт кешені. Бұл қысқы спорт түрлерін дамытуға арналған заманауи нысан. Құрылысы Сәтбаев көшесінде жоспарлануда, — деді бөлім басшысы.
Қалада жеке инвестициялар есебінен де бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, жаңа бассейннің құрылысы басталып, Мәшһүр Жүсіп көшесінде бұрынғы қонақүйдің орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Ал Энергетиктер көшесіндегі ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған құрылыс нысаны қайта жанданып, бүгінде толық аяқталған.
Қайрат Сүлейменовтің айтуынша, соңғы бес жылда Екібастұзда құрылыс саласы тұрақты даму қарқынын көрсетіп келеді. Бос жер телімдерінің аздығына қарамастан, жаңа нысандар бой көтеріп, қаланың архитектуралық келбеті жылдан-жылға жақсаруда.
— Қаланың сыртқы көрінісіне де ерекше назар аударылуда. Сәулет және қала құрылысы бөлімі ғимараттардың қасбеттерін, сыртқы жарнамаларды және абаттандыру жағдайын тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Егер қандай да бір заң бұзушылықтар анықталса, нысан иелеріне ескерту беріледі. Ал ескертулер орындалмаған жағдайда материалдар жергілікті полиция басқармасына жолданып, әкімшілік шаралар қолданылады, — деді спикер.
Бөлімнің негізгі бағыттарының бірі — Екібастұздың бірыңғай архитектуралық стилін қалыптастыру. Қазір қалада «Екібастұз қаласының бірыңғай сәулеттік стилін (дизайн-кодын) әзірлеу» жобасы жүзеге асырылуда. Дизайн-код – бұл қала кеңістігін үйлесімді әрі заманауи қалыпта ұстауға бағытталған нормативтік-рекомендативтік құжат. Онда ғимараттардың қасбеттерін безендіру, жарнамаларды орналастыру, шағын сәулеттік формаларды орнату және абаттандыру элементтерін үйлестіру тәртібі белгіленеді.
Жоба аясында қасбеттер мен жарнамаларды бірыңғай стильде безендіру қағидалары, қолданылатын материалдар мен түстердің үйлесімділігі, көрнекі ақпарат пен билбордтарды орналастыру ережелері, қала кеңістігін барлық тұрғындар тобының қажеттіліктеріне бейімдеу және түнгі жарықтандыру жүйесін дамыту мәселелері қамтылған.
Қаланың сәулеттік келбетін айқындайтын бұл маңызды құжатты бекіту ағымдағы жылдың соңына жоспарланып отыр.
Жаңа спорттық және тұрғын нысандардың бой көтеруімен қатар, Екібастұздың сәулеттік келбеті де жаңарып, қала заман талабына сай тартымды әрі үйлесімді бейнеге ие болмақ.
Ділназ Серікбай







