Биік үйлердің жоғарғы қабаттарына жеделсатысыз көтерілу жеңіл емес. Тұрғындар бейнет көрмеуі үшін лифтілерді күтіп ұстау, тозғанын жаңалау – маңызды мәселе. Аппараттық кеңесте бұл жөнінде қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әлібек Байділдин есеп берді.
Екібастұз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерде 331 лифт орнатылған екен. Жалпы, жеделсатылардың жарамдылық мерзімі – 25 жыл. Қазіргі кезде 160 жеделсатының қызмет көрсету мерзімі аяқталған, яғни, тозған болып саналады. Ескірген лифтілерді ауыстыру үшін бірер жыл қажет. Осыны ескере отыра атқарушы билік бағдарлама әзірлеп, 2021 жылдың қарашасынан бері 12 лифт жаңасына ауыстырылыпты. Биылғы жылы тағы екі жаңа лифт орнатылмақшы. Ал алдағы жылы тұрғындар 11 ескірген лифтіні ауыстыруға келісімін беріп отыр. Келісім демекші, жаңа лифт сатып алу мен орнатуға бюджеттен жұмсалған қаржыны үй тұрғындары шарт негізінде қайтаруы тиіс. Мәселен, 2026 жылы тозған 11 лифтіні жаңалауға 162 миллион теңге қаржы жұмсалады екен.
– Бағдарламаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға тиіспіз. Жыл сайын қажетті мөлшерде қаржы бөлінеді. Ал одан соң жеделсатыларды жаңалау қайтарылған қаржы есебінен іске асырылады, – деді қала әкімі Аян Бейсекин.
Мәселені сөз ету барысында жаңа лифтілердің сапалы болуы қажеттігі айтылды.
Жалпы, біздің қаламызда лифтілерге техникалық қызмет көрсетуші 5 ұйым бар екен. Олар: «Экибастузлифт», «Экибастузлифтстрой», «Экибастузлифтсервис», «Транслифт» және «ПавлодарЛифтРемонт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Қазіргі уақытта лифтілерге техникалық қызмет көрсетудің орташа тарифі тұрғын үй алаңының шаршы метріне 35 теңгені құрап отыр.
Аппараттық кеңесте тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әлібек Байділдин жылу беру маусымының қалай өтіп жатқаны жайлы да баяндады. Оның айтуынша, қаламыздағы 705 көпқабатты үй түгелдей параметрлерге сәйкес жылумен қамтамасыз етіліп тұр. Бұрынғыдай емес, тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар азайыпты. Жылу беру маусымы басталғалы 24 адамнан өтініш түскен екен, соның басым бөлігі пәтер ішіндегі ақауларға байланысты болыпты. Яғни, радиаторлардан ауа шығармау не тесілуі, тікқұбырлардың тозуы және т.т.
Әлібек Байділдиннің айтуынша, тұрғындар арыз-шағымы елеусіз қалған емес. Аталмыш бөлім мен коммуналдық қызметтер қызметкерлері жедел тексеру жүргізіп, туындаған мәселені шұғыл шешуге харакет жасауда. Осылайша, жылу беру маусымының барысы әрдайым бақылауда.
Ж.Сәдуақас






