Орталықтың кіреберісінен-ақ ерекше мерекелік атмосфера сезілді. Фойеде қалықтаған әсем күй көпшілікті ерекше көңіл күйге бөлесе, дәліздегі көрініс нағыз қазақы болмыстың, ауыл берекесінің айнасы іспетті еді.
Фестиваль шымылдығы, дәстүр бойынша, кіреберістегі қолөнер және ұлттық тағамдар көрмесімен ашылды. Бұл әр ауылдық округтің жыл бойы жинаған-тергенін, көз майын тауысып жасаған дүниесін, атадан балаға мирас болған өнерін паш ететін үлкен бір қазыналы керуенге ұқсады. Келушілерді алдымен ауылдың дәмі аңқыған мол дастарханы қарсы алды. Мұнда ақ құрт пен сары майдан бастап, кептірілген ірімшік, ыстық бауырсақ, жент пен табақ-табақ етке дейін қойылған.
Дастарханнан сәл әріде көздің жауын алатын қолөнер бұйымдары тізілген. Ою-өрнегі келіскен түрлі-түсті көрпешелер, сырмақтар, қазақы бұйымдар, әжелеріміздің көзіндей болған ұршықтар – бәрі де ұлттық мұрамыздың құндылығын аңғартты. Әсіресе, ер азаматтың қанаты саналатын ат әбзелдері ерекше назар аудартты. Шебер қолдардан шыққан сыдырғы қайыс қамшы, берік тоқылған қайыс арқандар мен өрімді жүгендер қазақтың ат үстіндегі мәдениетін еске салды.
Көрмені тамашалап, ауылдың ыстық лебін сезінген көрермендер үлкен залға жиналды. Фестиваль жыл басынан бері әр ауылда өтіп келе жатқан «Ауыл кеші көңілді» атты шығармашылық командалық сайыстың қорытынды кезеңімен жалғасты. Бұл финалда Екібастұзға қарасты 6 ауылдық округтің өнерпаздары бақ сынады.
Командалар орындаушылық шеберлік, сахна мәдениеті және әртістік қабілет сияқты бірнеше талап бойынша екі бөлімде сынға түсті. «Ұлы дала тұлғалары» деп аталған бірінші бөлімде өнерпаздар театрландырылған қойылымдарды да сахналады. Бәйет ауылдық округі «Ата заңым – аманатым» атты мағыналы қойылым ұсынса, Сарықамыс ауылының «Бірлік» командасы сахналаған «Майданнан хат» көрермендерді соғыс жылдарына жетеледі. Шиқылдақ ауылы «Бала Абай» көрінісін көрсетіп, дана ақынның балалық шағына үңілдірді. Ал өнерді асқақтатқан Құдайкөл ауылы Шәмші Қалдаяқовтың ән әлеміне саяхат жасатса, тарихи тақырыпқа бет бұрған Бесқауға ауылы «Ақ сиса… Халық үні» қойылымын қойды. Сонымен қатар, Ақкөл ауылдық округі «Ұлы дала тұлғасы – Нұрғиса Тілендиев» қойылымымен күй құдіретін сезіндірді.
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп аталған екінші бөлімде командалар ән, күй, би, көркемсөз, жыр-терме жанрларында өз өнерлерін ортаға салды. Сахнада Нұрғисаның «Елім менің» әні асқақтап, «Анаға хат» пен «Бауыржан батыр» сынды патриоттық рухтағы туындылар орындалды. «Ауылым», «Сәйгүлік» және «Қазақстан» әндері де ауыл өнерпаздарының орындауында ерекше әсер қалдырды.
Шара барысында сахна төріне Қоянды ауылынан келген «Кәусар» әжелер ансамблі мен Бәйет ауылының «Асыл әжелер» ансамблі шығып, халық әндерін шырқаса, олардың ізін ала «Әсем әуен» (Бәйет ауылы), «Балдәурен» (Құдайкөл ауылы), «Балауса» (Сарықамыс ауылы) вокалдық топтарының жас өнерпаздары шаттыққа толы әндерді орындады.
«Сырлы сөз», «Шабыт» және «Жалын» үйірмелерінің жас оқырмандары С. Торайғыров,
А. Құнанбаев, Ф. Оңғарсынова сынды ұлы ақындардың жырларын мәнерлеп оқып, поэзия әлеміне жетеледі. Қоянды ауылының «Жас қыран» би ұжымы «Асық» биін билеп, ұлттық ойынымызды дәріптесе, Құдайкөл жастары заманауи «Ретро» биімен көпшілікті тәнті етті. Кеш Бесқауға ауылы «Армандастар» ансамблінің «Той базар» әнімен түйінделді.
Шара соңында «Ауыл кеші көңілді» командалық сайысының жеңімпаздары марапатталды: І орын – Бәйет ауылдық округі, ІІ орын – Бесқауға ауылы, ІІІ орын – Ақкөл ауылдық округі. Фестивальдің ашылуына сән берген, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген көрме иелеріне де арнайы номинация сыйлықтары табысталды.
«Ауылым – өнер бесігім» фестивалінің қорытындысында І орынды Қоянды ауылы,
ІІ орынды Құдайкөл ауылы,
ІІІ орынды Сарықамыс ауылы иеленді. Фестивальға қатысқан барлық ұжымдар алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ділназ Серікбай









